Тізесін жарақаттап алған Евгений Гончаров Ақтөбенің 150 жылдығы үшін жаңа рекорд орнатпақ

Жуырда Азия чемпионатын жеңіп, гір тасын көтеруден Азия рекордын орнатқан Евгений Гончаров ақтөбеліктерді тағы бір мәрте қуантпақ. Ол 22-23 ақпанда Ақтөбеде өтетін ел чемпионатына қатысып, өзінің рекордын жаңартқысы келеді.

«1 желтоқсанда Азия чемпионатына қатысып, 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде гір тастарын 84 рет басымнан асырдым. Осылайша, Азия рекордын, сәйкесінше, Қазақстан рекордын да жаңарттым. Ел чемпионатында өзімнің рекордымды жаңартқым келеді. Қаланың мерейтойына байланысты ақтөбеліктерді қуантпақ ойым бар. Гір тастарын кемінде 85 рет басымнан асыруым керек», — дейді Евгений Гончаров.

Ақтөбелік өзінің тізе жарақатына қарамастан, жеңімпаз атанатына сенімді. Себебі 2003 жылдан бері ол 16 жыл бойы ұзақ циклден, яғни, гір тастарын белінен төмен түсіріп, басынан асырудан ешкімге дес бермей келеді. Мұндай көрсеткішке бір де бір әлем спортшысы қол жеткізбеген.

«Мен өз-өзіме сенімдімін. Себебі мен тек жеңіске ұмтыламын. Егер мен сенімсіз алаңға шықсам, жеңіліп қаламын. Сондықтан мен егжей-тегжей дайындалып, соңына дейін барамын. Әрине, тізе жарақаты нәтижеге әсер етуі мүмкін. Ерік-жігермен гір тастарын көтеремін. Негізі аяғыма ота жасатуым керек. Ел чемпионаты өткен соң емделемін», — дейді қалалық спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: