Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі бала жүннен картина жасап жүр

Ақтөбенің Алға қаласында мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер көрмесі өтті. Үйінде білім алатын Мирас Базарбай қой жүнінен картина жасады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысының Алға ауданында тұратын балалардың арнайы көрмесі өтті. Мүмкіндігі шектеулі балалар сурет салып, кейбірі себет тоқыған. Ал Маржанбұлақ ауылдық округінен келген Мирас Базарбайдың қой жүнінен жасаған бұйымы бәрінен ерекше көрінді.

«Ауылда мал бар, сәйкесінше жүн жеткілікті. Қой жүнін таңдап алуға болады. Өзім жүнді кәдеге жарату үшін картина дайындаймын. Алдымен жүнді бояп аламын. Көбіне ұлттық нақыштағы туындыларды жасағанды ұнатамын», — деді Мирас Базарбай.

Көрмеге Динара Мұратова, Әлихан Ержанов, Милана Тропонец, Диас Келдібай, Әли Жұмабек, Гүлжанат Сағызбаева, Жанель Габдуллинаның қолөнер бұйымдары қойылды. Мүмкіндігі шектеулі балалардың барлық бұйымы аукционға түсіп, сатылып кетті.

«Барлығы 30 қолөнер бұйымы көрмеге қойылды. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсетіп, балалардың талантын, олардың шығармашылық ұмтылысын дамытуға ықпал еттік. Кейбір туындылар он екі мүшесі сау азаматтардың қолынан келе бермейді. Аукционда бәрі сатылды. Осындай іс — шаралардың қажеттігіне тағы бір көз жеткіздік және оны жиі өткізу керек», — деді «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мирлан Жалғаспаев.

Шара партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өтті. Қазір Алға ауданында 1204 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген, оның 140-ы 18 жасқа толмаған бала.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: