Ақмола облысында аудан әкімі ағылшын тілінен сабақ беріп жүр

Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Егіндікөл ауданының әкімі Ерлан Исабеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018 жылғы қорытындысы мен биылғы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі өзінің ағылшын тілінде сабақ беріп жүргенін атап өтті. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты бұған таңданудың қажеті жоқтығын айтуда.

«Ұстаздық жаңалық емес, бұрыннан бар. Елімізде сабақ беріп жүрген алғашқы әкім мен емес. Дегенмен, бұл идеяны жүзеге асыру алдында біраз ойланып, таразыладым. Яғни, адамдар қалай түсінеді деген сияқты. Бәлкім, біреулерге ұнамай қалуы да мүмкін. Халық ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсартумен неге айналыспайды деп айтуы ықтимал деген ойлар да мазалады. Дегенмен, ойлана келе, жұмыстан бос уақытта немесе демалыс күндері сабақ беруге бел будым», — дейді Ерлан Исабеков.

Бастапқыда мұғалім әкімнің жаңа «қызметіне» оғаш қараған жұрт қазіргі кезде оған үйреніп кеткен. Тіпті, әкімнің сабағына қатысатын егіндікөлдіктердің саны артқан. Ерлан Исабеков жерлестеріне ағылшын тілінен сабақ беріп қана қоймады, тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерді де шешуге атсалысады.

Еске сала кетейік, Ерлан Исабеков 2018 жылы 17 сәуірінде Ақмола облысы Егіндікөл ауданының әкімі қызметіне тағайындалған болатын.

Ерлан Шойұлы — Алматы облысының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін математика бакалавры және магистрі мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 2012 жылы Вашингтон қаласында Джорджтаун университетінде экономика магистрі дәрежесін алған.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: