АҚШ Венесуаэланың мемлекеттік мұнай компаниясына санкция салды

Николас Мадуро, Венесуэла президенті.

АҚШ Венесуэланың мемлекеттік мұнай компаниясына жаңа санкциялар салды. Вашингтон бұған дейін Венесуэла президенті Николас Мадуроны елдің заңды басшысы деп танудан бас тартқан, деп жазады Азаттық.

Венесуэла — әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің бірі. Petroleos de Venezuela SA (PDVSA) мұнай компаниясы мемлекеттік мұнай экспортының негізгі операторы саналады. Венесуэла экономикасы дағдарысқа тап болғанына қарамастан компания елге табыс кіргізіп, Мадуро билігін сақтап тұр.

Венесуэла мұнайының көбі АҚШ-қа экспортталатынына қарамастан, жаңа санкция АҚШ-тың Венесуэладан мұнай импорттауына тыйым салмайды. Алайда, америкалық компаниялардың PVDSA-мен қаржы транзакцияларын жасасуына тыйым салынады. АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучиннің мәлімдеуінше, бұл — Венесуэладан импортталған мұнайдың ақшасы бұғатталған банк есепшоттарына түседі деген сөз.

Венесэула президенті Николас Мадуро АҚШ-тың жаңа санкциясын сынады. «Бұл — заңсыз, адамгершілікке жат, қылмыстық әрекет» деді Мадуро санкция туралы. Санкция PVDSA-ның АҚШ-тағы еншілес Citgo компаниясына да салынып отыр.

Вашингтон бұл қадамы арқылы PVDSA-ны бақылаудың оппозиция жетекшісі, АҚШ пен басқа да Батыс елдері Венесуэланың заңды басшысы деп таныған Хуан Гуайдоның қолына өтуіне мүдделі болуы мүмкін. Егер компанияны бақылау Хуан Гуайдо жақтастарының қолына өтсе, онда Венесуэла Ресейдің мемлекеттік «Роснефть» компаниясынан алған несиесін өтеуді тоқтатуы мүмкін. Бұл сценарий іске асса, онда келісімге сай Citgo компаниясын бақылау пакетінің 49,9 пайызы «Роснефть» компаниясына өтуі ықтимал.

Венесуэла парламентінің спикері Хуан Гуайдо 23 қаңтарда өткен митингіде өзін президентпін деп жариялаған. Ол Мадуро жеңіске жеткен сайлауды заңсыз деп атап, конституция бойынша президент болуға құқығым бар деп санайды. АҚШ пен Латын Америкасы елдерінің көбі Гуайдоны уақытша президент деп таныған. Еуропа одағы елдері Мадуро егер жедел түрде мерзімінен бұрын сайлау өтетінін жарияламаса, Гуайдоны заңды президент деп танитынын мәлімдеген. Ресей, Түркия, Куба мен тағы бірнеше ел Мадуроны президент деп таниды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: