Алматыда 19 жастағы жігіт қызғаныштан қызын өлтіріп, көміп тастаған

Алматыда бір апта бұрын із-түзсіз жоғалған бойжеткен зорлық-зомбылықпен өлтірілгені анықталды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1999 жылы туған Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны В.Погребняктың із-түзсіз жоғалғаны жайлы ақпарат полицияға 25 қаңтарда түскен.

«Тергеу шеңберінде тергеу-жедел тобы қыздың қайда екенін анықтауға бағытталған бірқатар шара өткізді. Сонымен қатар, В.Погребняктың жоғалғанға дейін қасында болған досы — 2000 жылы туған азамат Б.-дан жауап алынды. Оның жауабы өзге мәліметтермен сәйкес келмеді», — делінген Полиция департаментінің мәліметінде.

Анықталғандай, қыздың жоғалуына азамат Б.-ның қатысы бар болып шыққан. Ол тергеу барысында бойжеткенді өлтіргенін мойындап, оның денесін жасырған орынды көрсеткен.

«Белгілі болғандай, Б. өзінің жүріп жүрген қызын, өздері тұратын ауылдың жанында өлтірген. Себеп — қызғанышта. Б.-ның жауабына сүйенсек, ауылдан шыға берісте олардың арасында ұрыс болған. Салдарынан ол Валерияны өлтірген. Қылмыс ізін жасыру үшін жас жігіт қыздың денесін көміп тастаған. Өзінің қылмыстық пиғылын жалғастырып, Валерияның ата-анасына өтірік айтқан. Яғни, Валерия қалаға апарып тастауын өтініп, кейін еш себепсіз кетіп қалғаны туралы ата-анасына жалған ақпарат берген», — делінген хабарламада.

Әуезов ауданының полиция басқармасы бұған дейін қозғалған істі «Адам өлтіру» бабына қайта өзгертті. Күдікті жігіт қамауға алынды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: