Ақтөбеде оқушының өліміне қатысты күдікке іліккен 17 жастағы жасөспірім ұсталды

Сурет Мирасбек Дәулетиярдың VK парақшасынан алынды

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында екі мектептің 10 класс оқушылары төбелесіп қалды. Төбелес соңы 15 жастағы оқушы өлімімен аяқталған. Аудандық ішкі істер бөлімінде осы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Оқиға 26 қаңтар күні кешкілік болған. Оқушылар арасындағы төбелес туралы мектеп директоры айтып берді. Білім ордасында жексенбі күні шұғыл жиналыс та өткен.

«Қайтыс болған оқушы Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектептің 10 класс оқушысы. Мирасбек Дәулетиярдың көп спорттық жарыстардан жүлде алып жүрген спортшы екені айтылуда. Керемет жетістіктері болған деп естідім. Сол күні түнде хабарды естіген бойда 8-11 класс оқушыларының ата-аналарына хабарластық. Жоғары класта оқитын ер балалардың үйінде екеніне көз жеткіздік. Нақты қанша бала төбелескендігі туралы ақпаратты білмеймін. Үргенішбаев пен №6 мектептің оқушылары төбелескен. Жексенбі күні таңертең ата-аналарды жиналысқа шақырдық. Балалармен бірлесіп жұмыс жасау, кешкі мезгілде баланың үйде болуын қадағалау жұмыстары айтылды. Төбелеске қатысқан балалардың ата-аналары ішкі істер бөлімінде жүр», — дейді №6 мектептің директоры Әлия Оспанқызы.

Бұл оқиғаға қатысты аудандық аурухананың бас дәрігері жәбірленушінің емдеу орнына жеткен бойда көз жұмғанын айтқан болатын.

«Жарақатты кеуде қуысынан алған. Қан ішіне кетіп қалған. Құтқарып қалу мүмкін болған жоқ. Жедел жәрдем шақырылмаған, баланы аурухананың алдына жеткізген», — деді Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері Асқар Еспағамбетов.

Ақтөбе облыстық полиция басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 17 жастағы күдікті ұсталды.

«Күдікті өз кінәсін мойындады. Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Қазір күдікті уақытша тергеу қапасында отыр», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: