Жастарға болашақта елді билейтін, басқаратын ұрпақ деп қарауымыз керек – Амангелді Айталы

 

Амангелді Айталы Жастар жылы атқарылатын істерге өз ойын қосты. Оның айтуынша, жастарға болашақта елді билейтін, басқаратын ұрпақ деп қарауымыз керек, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбенің белсенді тобы алдағы аптада студенттермен, оқушылармен кездесу өткізеді. Яғни, жоғары, арнаулы орта оқу орындарына барып, жастардың пікірін тыңдайды, ел ішінде жастар үшін қолға алынған істерді жеткізеді. Профессор Амангелді Айталы демографиялық карта жасап, жастарды ойландыратын мәселені анықтауға шақырды.

«Біз барып ақыл үйретеміз деп отырмыз. Олар біздің ақылымызға мұқтаж ба? Бізден гөрі оларға әлеуметтік желі көп затты үйретіп жатыр. Жастарда екі түрлі пікір бар. Біздің зерттеуіміз бойынша жастардың 15-17 пайызы алғыр, білікті. Олар азамат ретінде Қазақстан алдындағы жауапкершілігін сезеді, жаны ауырады. Үлкен адам орысша сөйлесе, жастар бірден ескерту жасайды. Бұл мықты жастар. Соның ортасында социология ғылымында айтатын бақылаушы жастар бар. Өздерімен өздері жүреді. Бұл толқып жүрген бір топ», — деді Амангелді Айталы.

Профессордың айтуынша, аға буын жастарға жоғарыдан төмен қарап, «бұларды үйрету керек» деген психологиядан әлі арыла алмай келеді.

«Жастар қаптап өсіп келе жатыр. 10 жылдан кейін олар билікке келеді, алды келді. Қандай оймен, ниетпен келеді? 10 жылдан кейін қоғам өзгереді, уақыт жаңартпай қоймайды. Жастарға болашақта елді билейтін, басқаратын ұрпақ деп қарауымыз керек. Әрқайсысын тұлға деп, сыйластықпен қарауымыз керек. Олар ашық әңгімеге дайын. Президент үш саланы айтты. Білім, жұмыс, баспана. Облыстың жастарға жасайтын жұмыстары нақтылануы керек. Тиімдісі – жастарды ойландыратын мәселенің үстінен шығу. Жастар жақсы, біз нашар. Сөйлей алмаймыз, жоғарыдан төмен қарап айтамыз. Сол психологиядан аруымыз керек. Жастар саясатына инвестиция керек. Жан-жақты ойлансақ деген пікірім бар. Президент мықты айтты. «Біз тәуелсіздікті алдық, ұстадық. Тәуелсіздікті алу бар да сақтау бар. Енді сендер сақтаңдар» деді. Бұл аманат. Аманатқа сай жастар бар, бірақ олардың қатарын көбейтуіміз керек. Менің ойымша облыс ең болмаса 14-29 жас аралығында жастардың кім екенін, немен айналысып жүргенін, жұмысы мен ұлтын, дінін, ісі мен ойын толық біліп, демографиялық карта жасалуы тиіс», — деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: