Елбасы Астанада дүниежүзілік сауда орталығын салу жобасын мақұлдады

Елбасы Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығының басқарма мүшесі (WTCA) Рольф Драакпен және «Nest Investments HOLDINGS» компаниясының корпоративтік инвестициялар жөніндегі директоры Мехран Эфтехармен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Жиынға Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Исекешев, Астана қаласының әкімі Б.Сұлтанов және сәулетші-дизайнер Кеннэт Брюс Джеймс Андерсон қатысты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысына елордада Дүниежүзілік сауда орталығының ғимаратын салу жөніндегі жоба ұсынылды. Бұл нысан толықтай шетел инвестициясы есебінен бой көтереді.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі кездесудің былтыр қазан айында Брюссельде өткен Қазақстан-Еуропа бизнес форумы алаңындағы келіссөздердің жалғасы екенін атап өтті.

— Біз Брюссельде сіздердің ұсыныстарыңызды талқылап, тағы да кездесу өткізу жөнінде уағдаласқан едік. Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығының мұндай жобаларды жүзеге асыру ісіндегі мол тәжірибесін ескеріп, біздің ынтымақтастығымыз екі тарапқа да жемісті болады деп ойлаймын. Бұл жоба елордамыздың келбеті мен рухына сай келіп, оның ажарын аша түскенін қалар едім, — деді Қазақстан Президенті.

Елбасы Астананың бой көтеру үдерісіне ерекше тоқталып, ондағы әр сәулет нысанының тарихы жөнінде айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бүкіл Еуразия құрлығының кіндігі ретінде батыс пен шығыс мәдениеттерінің сәулет стилін және салт-дәстүрін бойына сіңіргенін атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің павильондарын салу барысы мен нәтижелері жөнінде айтты.

— Біз халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу құқығына ие болғанда байқау жариялаған болатынбыз. Диаметрі 80 метрлік «Нұр Әлем» сферасы әлемдегі бірегей нысан саналады. Оның құрылысын өзім бақылап отырдым. Бүгінде «ЭКСПО-2017» көрмесі инфрақұрылымының базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын, «Жасыл» технологиялардың халықаралық орталығын, IT-стартаптардың халықаралық технопаркін аштық. Сондай-ақ, мұнда Халықаралық ІТ-университет құрылады. Барлық жобалар синергиясының мультипликативтік тұрғыдан оң әсері болады деп ойлаймын, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығының басқарма мүшесі Рольф Драак кездесуге және елордада жаңа нысан салу жөніндегі жобаны талқылауға мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді.

«Nest Investments HOLDINGS» компаниясының корпоративтік инвестициялар жөніндегі директоры Мехран Эфтехар өз компаниясы үшін сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үдерісінде Астананың стратегиялық тұрғыдан маңызды екенін айтты.

— Біздің инвестициялық тобымызға қарасты ірі 18 дүниежүзілік сауда орталығы бар. Мұндай нысандарды қалай салып, қалай басқаруды білеміз. «Бір белдеу, бір жол» ауқымды жобасына қатысу жөніндегі біздің стратегиялық бағытымызда Қазақстан, соның ішінде Астана маңызды орын алады, — деді М.Эфтехар.

Соңында Мемлекет басшысы Дүниежүзілік сауда орталығының жаңа ғимаратының жобасын мақұлдап, Астана қаласының әкімі Б.Сұлтановқа оны іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыстарды бастауға тапсырма берді.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: