Ақтөбеде иісшіл иттер пәтер тонағандарды да ұстап берді

Ақтөбедегі иісшіл иттердің көмегімен 400-ден астам қылмыс ашылды. Көбі ұрлық, тонау. Сонымен қатар, екі адам өлімі мен 11 қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру ісі иттердің көмегімен анықталды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті кинологтардың 2018 жылдағы жұмысын қорытындылады. Барлығы 428 қылмыс иісшіл иттердің көмегімен ашылды. Мәселен, биыл жыл басында жеке үйдің ауласынан қаз, қоян алып кеткен күдікті ұсталды. Лада атты ит ұрлыққа түскен адамның үйіне полиция қызметкерлерін ертіп апарған.

«Департаменттің кинология орталығындағы иттер есірткі, жарылғыш заттар мен адам іздейді. Мәселен, қылмыс болады, мамандар итке сол жердегі киімді, затты иіскетіп, күдіктіні іздейді. Мұндай да бар. Өткен жылы пәтер ұрлығы иісшіл иттің көмегімен ашылды. Барлығы 50 келіден астам марихуана да иттердің көмегімен табылды», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: