Жастар жылы жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға ықпал етсе — Айжан Ергешова

Шымкенттік жас маман Айжан Ергешова биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануын жақсылыққа балап отыр. Халықаралық компанияда менеждер-маркетолог болып жұмыс істейтін бойжеткен ендігі кезекте жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі шешілсе деген тілегін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің ойымша жастар арасындағы басты мәселе — жұмыссыздық. Қазіргі нарық заманында халықаралық компаниялар сирек. Бұл орайда жастардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту маңызды. Биылғы жыл жастардың ең өзекті мәселесі — жұмыссыздықты жоюға ықпал етіп, нәтижелі бағдарламалар қабылданады деп сенемін. Ал өз ұсынысым — қаланың белсенді жастарының басын қосып, дөңгелек үстел ұйымдастыру. Әр саладағы проблемаларды жастардың өздерінің жеткізуі оң нәтиже береді», — дейді жас маман.

Айжан Ергешованың айтуынша, жастарға өз орталарында дамудың кезекті сатысына өтуіне мүмкіндік жасау қажет.

«Өз басым шет мемлекеттерде жиі боламын. Салыстырмалы түрде қарасақ, бізде мәдени шаралар өте аз. 2020 жылы Шымкент ТМД мемлекеттерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болмақ. Бұл статус жауапкершілікті тағы да арттырып отыр. Сондықтан, бірінші кезекте мәдени мерекелерді жиі өткізіп және өз белсенділігімен іс-шара ұйымдастырушыларға мемлекет тарапынан қолдауды күшейту маңызды. Жастар арасында белсенді өкілдер өте көп. Біз сол талантты жастарды насихаттауға басымдық беруіміз қажет. Яғни жастар, өз замандастарынан үлгі алып, алға ұмтылуы керек. Бұл орайда жастарға өз сапындағы үздіктерді өздері анықтауына мүмкіндік беру қажет», — дейді менеждер-маркетолог.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: