«Қайырымдылық керуені» қоғамға еңбегі сіңген белсенді ақтөбеліктерді іздейді

Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауына қоғамдық мәселелерді шешуде белсенділік танытып, жомарттығын көрсетіп жүрген ақтөбеліктер қатыса алады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Тұңғыш Президент қоры, Іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» агентігінің бірлескен жобасы бес номинация бойынша лауреаттарды анықтайды. Олар:

-«Асар» (номинация халықтың салт-дәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған);

-«Туған жер» (білім беру, экология және көріктендіру саласында туған өлкеге көмек көрсеткен адамдарға беріледі);

-«Мейірім жолында» (аталымға ерікті негізде және тегін көмек көрсететін, игі іс атқаратын адамдар ие болады);

-«Батыл жүрек» (номинация ерлік жасаған, жанкештілік танытқан адамға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады);

-«Қайырымдылық тарихы» (номинация БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын қозғайтын, қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аударатын материалдардың жариялануын қамтамасыз ететін журналистерге немесе шығармашылық ұжымға беріледі).

Комиссия мүшелері облыста әр номинация бойынша лайықты тұлғалар көп екенін айтты.

«Соңғы жылдары өңірде қайырымдылық мәдениеті жан-жақты дамып келе жатыр. Бес конкурс бойынша облыста үлкен жұмыстар жүргізіліп келеді. «Атамекен» аталар, «Асылым» әжелер ансамбльдері өңірді аралап, салт-дәстүрді насихаттап жүр. «Туған жер» номинациясы бойынша былтыр 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 810 іс жүзеге асырылды. Ауданнан шыққан азаматтар туған жеріне көмектесуде. «Мейірім жолында» волонтерлардың жұмысын ерекше атауға болады. Ерлік жасаған тұлғаларымыз да бар. Қайырымдылық жұмыстарын насихаттап жүрген журналистерімізді де үміткер ретінде байқауға қатысуға шақырамын», — дейді Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары Айбек Купенов.

Қатысушылардың іріктеу кезеңі ақпан айына дейін болады. Жеңімпаздардың есімі Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында анықталады.

Материалдарды karavanaktobe@mail.ru электронды поштасы қабылдайды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: