Ақтөбеде 8 мыңға жуық адам жүйке аурулар ауруханасында есепте тұр

Ақтөбедегі психикалық денсаулық орталығының есебі бойынша облыста 7841 адам жүйке ауруына қатысты есепке алынған. Ал есірткіге тәуелділердің саны 8321 адам. Дәрігерлер күйгелек адамдардың көбейгенін айтады.

«Бізде неше түрлі науқастар жатады. Туғаннан дертке шалдыққандар, ауру белгілері жүре келе пайда болғандар бар.  Ер балаларда әскерге дайындық алдындағы медициналық тексеруден кейін анықталған жағдайлардың барлығы бізге жіберіледі. Мәселен, ер балалар жастық шағында қолындағы тамырын кескен жағдайлар болады. Оларды әскерге шақырған кезде міндетті түрде мінез-құлқындағы өзгерістерге сараптама жасалады. Мұғалімдердің өтінішімен сабақты нашар оқитын балаларға да тексерулер жасаймыз. Жүйкенің бұзылу жағдайлары жасөспірім шақтан басталады. Балалар арасында аутизм көп. Босанғаннан кейін жүйке ауруына шалдығатын келіншектер болады. Науқастардың диагнозы әртүрлі. Көп нәрсе күйгелектікке де байланысты. Қазір адамдар қатты өзгерді. Далада төбелесіп, айқайласа береді», — дейді Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігері Гүлмира Оразова.

Жүйке ауруына шалдыққандарды емдеу орталығында 20 жылдан аса еңбек ететін дәрігер адамдардың өздеріне көп көңіл бөлуіне кеңес береді. Әсіресе, таза ауада серуендеу жан мен тәнге тыныштық береді.

«Қазір жақын туысқандар бірін-бірі көрмейді, қонаққа бармайды. Жағдайды телефонмен сұрасады. Кешкілік жұмыстан шаршап келген адам ешкімді көргісі келмей, өзімен алысып жүреді. Жақындарына көңіл бөлмейді, қатынаспайды. Адамдар көп серуендеуді, таза ауада демалуды әдетке айналдыру керек. Шанамен сырғана, тауға бар. Үнемі қолымыз бос болмағандықтан бұларды жасамаймыз. Психикалық аурулар ер адамдарда ауыр өтеді. Біздің аурухананың бес бөлімшесінде 200-ден аса адам ем алып жатыр. Ала жүйке ауруларына қатысты 40 ересек, 20 бала керуеті бар. Емделушілер азайып та, көбейіп те жатқан жоқ, тұрақты»,- дейді дәрігер

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: