«Жусан» операциясы жалғасады- СІМ

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялауға байланысты гуманитарлық операция жалғасатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізге мәлім, осы жылдың ең басты жаңалығы — Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылған «Жусан» операциясы болды. Ол операцияның мән-жайы Сыртқы істер министрлігінің арнайы брифингінде айтылды. Операция шеңберінде 47 азамат Қазақстанға жеткізілді. Оның отызы 1-5 жас аралығындағы сәбилер», — деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, елге әкелінген сәбилердің көпшілігі Сирия аумағында дүниеге келген. Сондықтан, бұл операцияның басы ғана, ол жалғасып жатыр.

«Бұл операция әлі жалғасады. Бірақ, мән-жайын толық айта алмаймыз. Өйткені, бұл операцияда бізге халықаралық ұйымдар мен серіктестер көмектесіп жатыр. Сол себепті, көп ақпарат әлі жұмыс бабында. Түсінушілік танытуды сұраймыз», — деді ол.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялауға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткендей, 6 қаңтарда құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылған.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: