Ақтөбеге 150 жыл: Ұйымдастыру комитеті үндеу тастады

Ақтөбе қаласына 150 жыл толады. Ұйымдастыру комитеті әр ақтөбелікке үндеу тастады.

Қазақстанның батыс қақпасы атанған Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерекесі жақындап келеді. Бұл – бәріміз үшін ерекше тарихи кезең. Өйткені, көпшілігіміз осы шаһардың даму, көркею кезеңдерінің куәсі болдық, өз қолымызбен ортақ іске үлес қостық.

Бүгінгі Ақтөбе – алдына миллион тұрғыны бар алып шаһар болуға бағыт ұстаған көрікті қала.

Соңғы жылдары біздің сүйікті қаламыз қарынды дамып, өсуде. Бірнеше көрікті шағын аудандар пайда болды. Тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған ауқымда өрістеді. Ірі-ірі әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Мұның барлығы адам капиталының сапалы өсуі үшін ерекше маңызды.

Қазақстанда 150 жылдық тарихы бар облыс орталықтары көп емес. Сондықтан мерейтойдан ел айта жүретіндей үлкен із қалуы керек деп есептейміз.

Халқымызда «Ауылын көріп, азаматын таны» деген нақыл сөз бар. Қала – біздің келбетіміз. Келбетіміздің заман талабына сай көрікті болуы, бүгінгіден де әсем, ажарлы бола түсуі — бәріміз үшін мақтаныш.

Сондықтан да қаламыздың мерейтойына үлес қосу әрбір ақтөбеліктің перзенттік борышы, азаматтық парызы деп санаймыз.
Бұл игі бастамаға компаниялар мен кәсіпорындарды, жеке кәсіпкерлерді, шаруа қожалықтары мен өңірдің барлық тұрғындарын қолдау көрсетіп, өз үлестерін қосуға шақырамыз.

Елбасының өзі «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен Ақтөбе!» деп жақсы лебізін білдірді.

Сондықтан, туған қаламыздың өркендеп, құтты мекенге айналуы бәрімізге қатысты екенін ұмытпайық.

Халқымызда «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді” деген аталы сөз бар. Ендеше, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, баршаңызды дәулеті мен сәулеті жарасқан қаламыздың мерейтойына атсалысуға шақырамыз!

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: