Ақтөбе облысының «бас спортшысы» Байғаниннің аңшы балаларынан садақ атудан чемпиондар шығармақ

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов Байғанин ауданында садақ атудан үйірме ашуға ұсыныс тастады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Ауылдық жерде бәрі аңшылыққа шығады. Ауылдың балалары қаланың балалары сияқты смартфонды көп пайдаланбайды. Сондай-ақ, далалық ашық аймақта балалар көз ауруына көп шалдықпайды. Сондықтан аудандық спорт бөлімінің мамандарына садақ атудан үйірме ашу жөнінде ұсыныс тастадым», — деді Мейрамбек Махамбетов.

Оның айтуынша, Қазақстанда әр өңірдің мықты тұсы бар. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында қысқы спорт түрлері жақсы дамыған. Сондықтан қысқы спорт түрлері бойынша қаржы сол өңірге құйылады. Махамбетов дәл сондай өңірлік ерекшелікті Ақтөбе облысының ішінде енгізбек.

«Садақ ату – олимпиадалық спорт түрі. Егер аудандық мамандар ұсынысты қабылдаса, біз оларға құрал-жабдықтармен көмек беруге дайынбыз. Мүмкіндік болса, тек бокс пен күрес емес, сондай-ақ, басқа да спорт түрлерін дамытуымыз керек», — деді басқарма басшысы.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: