Социалистік еңбек ері Жабай Балимановтың ұрпақтары Өзбекстандағы бюстті Ақтөбеге әкелуді сұрады


Ақтөбе облысы, Темір ауданында дүниеге келген Жабай Балиманов өмір бойы қаракөл қойын өсіріп, екі рет Социалистік еңбек ері атанды. Өзбекстанда адал еңбек етіп, депутат болған қазақ ерінің ұрпақтары жоғалып, қайта табылған бюстті Қазақстанға қоюды сұрап отыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Жабай Балимановтың ұрпақтары Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударып, кейін қайта барғанда ата бюстінің жоғалып кеткенін білді. Ауыл болып іздеп, кейін оны іргедегі сай ішінен мұғалім тауып алған. Бұл дерекке қатысты Өзбекстан полициясы ешқандай іс қозғамады. Қазір бюст Өзбекстандағы ағайындарының ас үйінде тұр. Социалистік еңбек ерінің ұрпақтары бюстті Қазақстанға, Ақтөбе облысының Темір ауданына қайтарып, туған жеріне қоюды қалап отыр. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласынан көше беруді сұрады.

«Біз Өзбекстан президентіне хат жазып, бюстті Қазақстанға алып кетуге мүмкіндік беруді сұрадық. Бюсттің тұғыры қирап қалған. Жергілікті әкімдік қайда жөндеп, онына қоюды жоспарлап отыр екен. Бірақ біз атамыздың бюстін туған жері Темір ауданына қайтаруды жоспарлаған едік. Өзбекстан билігі рұқсат берсе, бәрі ретке келеді. Бұл ұсынысымызды Қазақстан Үкіметіне де жолдадық. Әрі Ақтөбе облысы орталығынан көша атауын беруді сұраймыз», — деді Жабай Балимановтың келіні Ақзәуре Дәрібаева.

Айта кетейік, Жабай Балиманов 1893 жылы Ақтөбе облысының, Темір ауданында дүниеге келген. Кейін 27 жасында Өзбекстанға қоныс аударып, мал шаруашылығын қолға алды. Қаракөл қойын өсіріп, 1951,1958 жылдары екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Өзбек ССР-нің Жоғарғы кеңесінің төртінші, бесінші шақырылымдарының депутаты, үш мәрте «Ленин», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталып, халық шаруашылығы көрмесінің алты медалін (үшеуі алтын) иеленді. Жабай Балиманов1966 жылы дүниеден өткен соң, Өзбек ССР Жоғарғы кеңесінің жарлығымен Ташкент пен Бұхарада көше атаулары, өзі еңбек еткен Ақтау колхозындағы мектепке есімі берілген. Еңбек ерінің кенже баласы Жұбатқан Жабайұлы бүгінде Теміртау қаласында тұрады.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: