Ақтөбеде полицияға қанжар ала жүгірген жүргізушіге қатысты сот отырысы басталды

Ақтөбеде полицияға қанжар ала жүгірген жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№2 Ақтөбе қалалық сотында Санат Ағадиевке қатысты Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық», «Билік өкілін қорлау», «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» баптары бойынша айып тағылған. Бүгін сот отырысында прокурор Азамат Байболатов айыптау қорытындысын оқыды.

«45 жастағы Санат Ағадиев бұрын төбелесіп, бас-ми жарақатын алған. Уақытылы емделмей, кейін есірткі қолданып, араққа салынып 1996 жылы 3 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. 1998 жылы тағы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 2016 жылы 120 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам. Сот психолог-психиатриялық сараптамасына сәйкес С.Ағадиевтің ойы шашыраңқы, әртарапты, өз іс-әрекетінің қоғамға қауіптілігін ұғына алмайды, яғни, қылмыс жасаған уақытта ақыл-есі дұрыс болмағаны анықталды», — деді А.Байболатов.

Айта кетейік, сотталушы С.Ағадиев 2016 жылы 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылған. Соған қарамастан ол есірткіге масаң күйде әкесінің атындағы «Ланд Крузер-200» көлігін айдап кетіп, қыркүйек айында жәбірленушілер Ерғалиев пен Жантуриннің көлігін қағып, материалдық шығын келдірді. Екі жағдайда да сотталушы оқиға орнынан қашып кеткен. Шығын — 1 миллион теңгеден астам. Сол кезде полиция жол ережесін бұзған С.Ағадиев туралы ақпарат алып, оның көлігінің соңынан түседі. Сөйтіп Ғ.Жұбанова көшесінде көлік тоқтап, С.Ағадиев бір қолына бәкі, екінші қолына қанжар ұстап, полиция қызметкерлеріне қарсы шыққан.

«Көліктен түсіп, аңшылық қанжарды қынабынан шығарып, полиция қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспады. Жол-полиция қызметкерлері Аманғалиев, Аймағамбетов, Жоламанов, Аманғосов оқиға орнында болып, ескерту берді. Кейін аспанға бірнеше рет оқ атылды. Полиция қызметкерлері қоршауға алып, қол күрес әдісімен С.Ағадиевті ұстады», — деді прокурор.

Сот отырысы кезінде жәбірленушілер көлікті жөндеп беруін сұрады.

Ал жәбірленуші ретінде сотқа қатысқан төрт полиция қызметкері сотталушыдан моральдық шығын сұрамады, алайда кешірмейтінін айтты. Прокурор құқықбұзушылық кезінде сотталушының ақыл-есі дұрыс болмағандықтан Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 518-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану үшін іс сотқа түскенін баяндады.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: