Анасынан айырылған ақтөбелік оқушының жәрдемақысын Алматыдағы әкесі жұмсап отыр

Көрнекі фото: azattyq.org

Ақтөбе қаласының №3 сотында оқушының мүддесі қорғалды. Ақтөбеде әжесімен бірге тұратын оқушы анасы көз жұмған соң мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны уақытылы алмады. Ал жәрдемақыны Алматыда тұратын әкесі жұмсап келген, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында қалалық білім беру бөлімі жанындағы қорғаншы және қамқоршы органның бейжай әрекеті қаралды. Яғни, мемлекеттік орган анасынан айырылып, әжесінің қолында тәрбиеленіп жатқан оқушының уақытылы жәрдемақы алуын қамтамасыз ете алмады. Іс материалына сүйенсек, Т.Тлегенова жиенін өзі бағып отыр. Ал асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін жәрдемақыны күйеу баласы жеке кәдесіне жаратып келген. Бұл заңсызды жою, жәрдемақының уақытылы берілуін қамтамасыз ету мақсатында Т.Тлегенова қалалық білім беру бөлімі жанындағы қорғаншы және қамқоршы секторынан көмек сұрайды.

«А.Азамат тарапынан заңның бұзылғаны туралы Т.Тлегенованың арызын қарауда Ақтөбе қалалық білім беру бөлімі жанындағы қорғаншы және қамқоршы органның әрекетсіздігі заңсыз деп танылсын. Мемлекеттік орган заңды мүддені қалпына келтіру шарасын қабылдауға міндетті», — деп шешім шығарды судья А.Сұлтанғалиева.

Анасынан айырылған оқушының мүддесін қорғап жүрген адвокат Нұрбибі Есмағанбетова егер қалалық білім беру бөлімі жанындағы қорғаншы және қамқоршы орган еш әрекет етпесе, қайта арыз түсіреді.

«Әкесі Ақтөбеге келіп, баланы қыдырту үшін алып кетеді. Бірақ ол сол күйі Алматыға кетіп қалып, тұрғылықты жерін өзгертеді. Оқушы өзін кішкентайынан бағып-қағып отырған әжесін сағынып, жылайды. Тіпті, мессенджер арқылы сөйлестім деп ойлайды. Ол кезде әкесі барлық хабарламаны өз нөміріне бағыттап, қызымен әжесі болып сөйлеседі. Арызданушы Т.Тлегенова Алматыға барып, жиенін тауып алады. Содан бері арыз жазып, баланың құқығын қорғап жүр», — деді қорғаушы Нұрбибі Есмағанбетова.

Айта кетейік, ақтөбелік Л.Гаухар мен А.Азамат 2008 жылы отбасы құрып, 2009 жылы балалы болады. Дегенмен ерлі-зайыпты 2010 жылы ажырасып, кішкентай қыз анасымен Алматыдан Ақтөбеге оралады. 2015 жылы Л.Гаухар жол апатынан көз жұмып, сот шешімімен кішкентай қыз әжесі Т.Тлегенованың қолында тәрбиеленеді. Ал әкесі бұл уақытта асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақыны өз пайдасына жұмсап келді. Кейде 100 мың теңге аударып отырып, кейде бірнеше ай хабарсыз қалды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: