Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдеріне: Қаншама зауыт аштыңыздар — нәтиже қайда

Елімізде мыңдаған зауыт-фабрика ашып жатқанымен, еңбек өнімділігін арттыра алмай жатқан өңір әкімдері Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың сынына ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет басшысынан өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің өсімін қамтамасыз ету шараларын қабылдау үшін өңірлерге тапсырма беруді сұраған болатын. Оның айтуынша, еңбек өнімділігін арттыруға кедергі болатын факторлардың бірі — өңдеу өнеркәсібі салаларын дамытудың технологиялық деңгейі болып отыр.

Жеңіс Қасымбектің баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы өңір әкімдерінің есіне Президенттің берген тапсырмасын салды.

«Елбасы өз сөзінде бұл мәселе туралы айтып өткен еді. Тиісті тапсырма берген де болатын. Жылдың аяғында мүмкін, әрбір жартыжылда өңірлердің рейтингін жасап отыру бойынша… Бүгінгі Сіздердің баяндамаларыңыздан көріп отырмыз, Сіздер себебін іздеп отырсыздар. Еңбек өнімділігінің өспегеніне адам саны көбейді деген сияқты басқа да себептер айтылып жатыр. Онда әрбір Индустрияландыру күнінде Сіздер қосып отырған зауыт-фабрикалар неге еңбек өнімділігінің өсіміне әсер етпейді. Бір ғана зауыттың жұмысы нашарлап қалса, еңбек өнімділігін артқа тартып кетеді. Басқа жұмыс жоқ. Бір ғана зауытқа тәуелдіміз», — деді Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде.

Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы немесе тамақ өнеркәсібі, басқа сала болсын бәрінде тиісті өсімнің қол жеткізілмегеніне бір сылтау айтылатынына шүйлікті.

«Сонда басқа жұмыс жоқ па? Жүйелі жұмыс қайда? Мыңдаған зауыт аштық деп айтып жатырмыз. Ал неге олардың бәрі еңбек өнімділігінің жоғарылуына әсер етпейді? Сонда қандай зауыттар ашып жатырсыздар. Жылдың қорытындысы шыққан кезде Жеңіс Махмұдұлы (Қасымбек — авт.) тағы қараймыз. Қазір міне, әріптестеріміз айтып отыр ғой, жарты жылдың қорытындысы осындай — ал жылдың қорытындысымен бәрін дұрыстаймыз деп.. Жыл бітті. Қайтіп дұрыстайсыздар оны. Бүгінге дейін істелмеген жұмыс ертең де істелмейді. Сол себепті осы мәселені әр кез есте ұстау керек. Асқар Ұзақбайұлы, жарты жылда бір рет бұл сұрақты бақылауға алып, әріптестеріміздің айтылған уәделерін хаттама арқылы бекітіп, соны салыстырмалы түрде қарап отырған абзал. Елбасының тапсырмасы толық орындалуы қажет», — деді Үкімет басшысы.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: