Ақтөбелік оқушылар үшін кезекті кәсіпкерлік сабағы сүт өндіру орнында өтті

Ақтөбедегі №20 мектеп оқушылары сүт өнімдерінің қалай шығатынын көрді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Балалар зауытты аралап, сүттің айранға, сүзбе мен балмұздаққа қалай айналатынын тамашалады. Бір ерекшелігі, фермадан әкелінетін сүтке адам қолы тимейді, сүтті мұздату, ұйыту, ыдыстарға құю секілді процестерді арнайы машиналар атқарады. Бірақ әрбір қондырғының мүлтіксіз жұмыс істеуін мамандар жіті бақылап тұрады. Компанияның өз саласында үздік атануының сыры неде деген оқушылардың сұрағына өндіріс басшысы “табиғи өнім мен жоғары сапа” деп жауап берді.

“Мұндай кездесулер біздің тұлға ретінде дамуымызға әсер етпей қоймайды. Бүгінгі сабағымыз өте қызықты өтті. Сүт өндірісін осындай жоғары деңгейге қалай көтеруге болатынын білдік. Жалпы, “Кәсіпкерлік негіздері” пәні бизнесті жүргізу ғана емес, адамдармен қарым-қатынас жасау, жан-жақты болу, үнемдеу секілді қасиеттерге де үйретеді. Мұның өмірде пайдасы тиетіні анық“, — дейді №20 мектептің 10 сынып оқушысы Инара Шалманова.

“Кәсіпкерлік негіздері пәнін” мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсынысты ең алғаш “Атамекен” ҰКП 2014 жылы жариялаған болатын. Сол уақыттан бері арнайы бағдарлама ойластырылып, оқулықтар дайындау бойынша жұмыстар жүрді. Бүгінгі күні аталған пәнді респубилка бойынша 150 мыңға жуық оқушы бітіріп шығып, “Кәсіпкерлік негіздері” оқулығы бойынша білім алды. Жоба нәтижелі болса, кәсіпкерлік пәнін келер оқу жылында еліміздегі барлық 10 және 11 сынып оқушыларының оқу бағдарламасына енгізу жоспарланған.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: