Төрт мыңнан аса ақтөбелік өзіне ұнамаған емханаларды өзгертуге тілек білдірді

Көрнекі фото

Жыл сайынғы тіркелу науқаны аясында тұрғындар емханаларды еркін таңдай алады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

15 қырүкүйек пен 15 қараша аралығында кез келген тұрғын өзіне ұнамаған емхананы өзгерте алады. Биылғы науқанда да ақтөбеліктер белсенділік танытты. 4 233 адам өзінің тіркеліп тұрған емханасын өзгерткен.

«Бұл науқан емханалар арасындағы бәсекелестікті жақсы дамытады. Емхананың қызметі ұнамаса, Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе қалаған емхананың өзіне барып, тіркелу туралы арызын тастауға болады. Тіпті үйден шықпай-ақ, egov.kz порталы арқылы арыз жіберуге болады. Бұдан басқа, Telegram-дағы EgovKzBot-тың көмегімен де телефон арқылы өзіңізді және балаңызды емханаға тіркей аласыз», — деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова.

Қордың ресми мәліметіне сәйкес, Ақтөбе облысында 861 мыңнан аса тұрғын емханаларға тіркеліп тұр. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 16 мың адамға артық.

Биылғы тіркелу науқанына 31 медициналық ұйым қатысты. Соның ішінде 7 мекеме жеке ұйым болып табылады. Яғни бәсекелестік тек мемлекеттік мекемелер арасында ғана емес, сондай-ақ, жеке клиникалар арасында да жүрді.

«Осы жылы ақтөбеліктер «Қуаныш» жеке клиникасын көп таңдаған. 918 адам осы мекемеге тіркеліпті. Бірақ науқан аясында тіркелгендер тек келесі жылдан бастап сол жеке клиниканың қызметін пайдалана алады. Оған дейін тіркеліп тұрған бұрынғы емханасында емделе береді. Егер 2019 жылы жаңа клиникасы тұрғынға ұнамай қалса, онда ол тағы бір рет емхананы өз еркімен өзгерте алады», — дейді Гүлмира Қожаниязова.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: