Ақтөбеде «Ақжелең» республикалық күйшілер байқауы өтеді

Ақтөбеліктер республикалық күйшілер байқауына дайындалып жатыр. Байқауға еліміздің әр өңірінен 30 күйші қатысады.

Биыл «Ақжелең» байқауы Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазанғап мектебінің дәстүрлі күйшісі Бақыт Басығараевтың 90 жылдығына арналады. Күйшілерді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ҚР мәдениет қайраткері Ерсайын Басықара, «Көкіл» өнер мектебінің директоры, ҚР мәдениет қайраткері, өнерзерттеуші Абдулхамит Райымбергенов тыңдап, қазылық етеді.

«Ақтөбе ел ішінен шыққан тума таланттардың көрнектісі, Қазанғап мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізушілердің бірі, шебер күйші Бақыт Басығараевтың шығармашылығын келер ұрпаққа жеткізу мақсатында Облыстық халық шығармашылығы орталығы Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Ақжелең» республикалық күйшілер байқауын өткізеді. Қазанғап мұрасын насихаттаушы, халық композиторының шығармаларын тірнектеп жинап, кейінгі буынға мәнерін бұзбай жеткізген шебер күйші Бақыт Басығараев. Ол – Қазанғаптың бірегей ізбасары болып табылады. Ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға бағытталған байқауға еліміздің облыстарынан және Астана, Алматы қалаларынан 30 күйші қатысады. Байқаудың іріктеу кезеңдері Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының залында болады», — деп хабарлады облыстық халық шығармашылығы үйінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: