Ембі қаласының әкімі ширек ғасырдан бері қаңырап тұрған баспана мәселесін шеше алмай отыр

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ембі қаласының тұрындары көмек сұрайды. Шағын қаладағы проблемалы баспана тұрғындарды шаршатқан. Ширек ғасырдан бері пайдаланылмай келе жатқан тұрғын үйдің жартысын паналап отырғандар жыларман күйде. Бес қабатты тұрғын үйде жылу жүйесі реттелмеген, ауыз су жиі тоқтап қалады.

«Мен бұл үйде 1985 жылдан бері тұрамын. 33 жыл болыпты. Мұндай жүйесіздік бұрын болмаған. Кеңес үкіметі кезінде тәртіп болатын. Ал ХХІ ғасырда даладан көмек сұрап жүрміз. Әкімдіктегілер 100 мың теңгеден жинап, төбені өздерің жөндеп алыңдар, біз сендерге төбе жөндеп беруге міндетті емеспіз деп отыр,- дейді тұрғын Галина Носирова.

Тұрғын үй биылғы жылу маусымына да дайындалмаған. Жертөледегі құбырдан су кетіп жатыр. Жылу мекемесінің мамандары ескі құбырлардан су тамшылап тұрған үйдің жылуын да тоқтатып қойған.


«Айналайын, өзі тұратын жерді кім жамандағысы келеді. Үйдің жағдайын көріп тұрсыздар. Сырты қапталмаған, төбеміз жасалмаған. Үйдің жартысы иесіз. Жылда тұрғындар болып 15-20 мың теңгеден жинап төбені жасатамыз. Ағып кете береді. Жаңбыр жауса сыртқа жүгіреміз. Су подъезден де ағады. Тоққа су тиіп, жазатайым жағдай бола ма деген қорқыныш бар. Әкімдікке айтуымыздың кемі жоқ. Ең болмаса қайта жаңғырту бағдарламасымен үйді жөндеп берсе ақшасын төлеп тұрар едік ,- дейді тұрғын Қаламқас Көшербаева.


Жағдаймен таныс екенін айтқан ауыл әкімі биыл да уәдені үйіп-түгіп отыр.

«Бұл үйді мақтанып айтуға болады. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жобасын жасап болып қалды. Аудан әкімінің қатаң бақылауында тұр. Су ағып жатқан жерді  жасап тастаймыз. Халықты жылусыз отырғызбаймыз. Ол үйде көп адам тұрып жатқан жоқ. Жиырмаға жетпейтін отбасы бар. Үйдің осындай жағдайда тұрғанына 25 жыл уақыт болды. Үш подъезінде ғана адам тұрып жатыр. Қалған бес подъезі бос тұр», — дейді Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: