Грузияда президент сайлауының екінші кезеңі өтеді

Грузиядағы президент сайлауында дауыс берудің екінші кезеңі өтетін болды. Грузия Орталық сайлау комиссиясының 29 қазан күні таңертең хабарлауынша, бюллетендердің 96 пайызын санағандағы көрсеткіш бойынша кандидаттардың ешқайсысы президент болып сайлануға қажетті 50 пайыздық межеге жете алмады. Сайлаудан басты үміткерлер саналатын бұрынғы сыртқы істер министрі Саломе Зурабишвили 38,6 пайыз, оған басты қарсылас саналатын «Біріккен ұлттық қозғалыс» партиясының үміткері Григол Вашадзе 37,7 пайыз дауыс жинады.

Ал бұрынғы парламент спикері, оппозициялық «Еуропалық Грузия» партиясынан сайлауға түскен Давит Бакрадзе 10,9 пайыз дауыс иеленді. Бакрадзе сайлауда жеңілгенін мойындап, дауыс берудің екінші кезеңінде Вашадзені қолдайтынын мәлімдеді.

Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алғашқы кезеңінде тіркелген үш миллионнан астам сайлаушының 46,7 пайызы дауыс бергенін хабарлады.

Биліктегі «Грузия арманы» партиясы қолдайтынына қарамастан сайлауға өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде қатысып жатқан Саломе Зурабишвили сайлауда жеңіске жетсе, Грузияның алғашқы әйел президенті болуы мүмкін.

Григол Вашадзені сайлауға ұсынған «Біріккен ұлттық қозғалыс» партиясын бір кездері қазір қуғында жүрген бұрынғы президент Михаил Саакашвили басқарған. Вашадзе билікті теріс мақсатта пайдаланды деген айыппен сырттай сотталған Михаил Саакашвилидің Грузияға оралуына рұқсат берілуі тиіс деп мәлімдеген.

Премьер-министр Мамука Вахтадзе сайлау учаскелері жабылған соңдауыс берудің «бейбіт, еркін және демократиялық ауанда өткенін» мәлімдеп, грузиялықтарды құттықтады.

Грузияда жалпыхалықтық президент сайлауы соңғы рет өтіп отыр. 2024 жылдан бастап президентті парламент пен сайлаушылар коллегиясы сайлайды.

Грузия заңы бойынша, сайлаушылардың 50 пайыздан астам даусын жинаған үміткер жеңіске жетеді. Егер бұл көрсеткішке жете алмаса, онда көп дауыс жинаған екі кандидат сайлаудың екінші кезеңінде сынға түседі.

Парламент спикері Иракли Кобахидзе сайлаудың екінші кезеңі 1 желтоқсаннан кешіктірілмей өткізілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: