Ақтөбеліктер еркін күрестен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрислам Санаевты әуежайдан күтіп алды

29 қазан күні ақтөбелік жанкүйерлер еркін күрестен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрислам Санаевты қаланың Халықаралық әуежайынан ерекше ықыласпен күтіп алды.

Күтіп алушылар арасында облыстық спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, спорт қызметкерлері, күрес түрлерінің жанашырлары, жаттықтырушылар және спортшылар болды.

Нұрислам Санаев кездесу барысында зор қошеметпен қарсы алған барша жанкүйерлеріне алғысын жеткізді.

«Өзіңнің қандай бір жетістікке қол жеткізгеніңді жанкүйерлерің осылай қарсы алғанда ғана сезінеді екенсің. Барша ақтөбеліктердің қолдауына үлкен алғысымды жеткіземін. Ерекше сезімде тұрмын. Ендігі кезекте Олимпиада ойындары күтіп тұр. Сондықтан жеңісті күндерім әлі алда деп ойлаймын. Спортшыға қандай да бір кедергі немесе сәтсіздік жолықса бастысы сабырлық танытып, алған бетінен таймау керек. Сол себепті де, осы бағытта жұмысымды әрі қарай жалғастырамын», — дейді Нұрислам Санаев.

Еске сала кетейік, Нұрислам Санаев Ақтөбе спорт тариxында еркін күрестен Әлем чемпионатының алғашқы медалін еншіледі. Будапеште өткен күрес түрлерінен Әлем чемпионатында ақтөбелік балуанымыз күміс жүлдегер атанған болатын.

Өкінішке орай, 57 келі салмақ дәрежесінде белдескен ол финалда ресейлік балуан Заур Угуевтен 3:4 есебімен ұтылды. Соңғы ұпайды иеленіп, чемпиондық атаққа біртабан жақын тұрған Санаевқа төрешілер күтпеген жерден ескерту берді.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: