Сапарбаев Жолдаудағы тапсырмаларды орындаудың жолдарын атады

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында облыс активін жинады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауын жариялап, облыс активі басты тапсырмалардың орындалуын жоспарға енгізді. Келер жылдан бастап 38 мың ақтөбеліктің жалақсы өседі. Оның 19 мыңнан астамы бюджеттік мекеме қызметкерлері. Елбасы тапсырмасына орай ең төменгі жалақы 42 мың теңгеге жетуі тиіс.

«Өңірдің барлық мүмкіндігін, потенциалын пайдаланып, жылды 5 пайыздық өсіммен аяқтауымыз керек. Сол кезде Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындаймыз, Жолдаудағы мәселелерді шешуге толық мүмкіндігіміз болады. Қазіргі кезде жалақының өсуі – 109 пайыз. Бұл республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі болып есептеледі. Жыл басында біз барлық компания, кәсіпорын басшыларымен кездесіп, меморандумға қол қойған едік. Нәтижесі осы. Әрі қарай жалғасады. Сонымен қатар, 9 айдың қорытындысы бойынша инфляция 102,8 пайыз болды. Мақсатымыз – жұмысты жалғастыру», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына сай өңірлерге жыл сайын 30 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Ақтөбе бұл қаржының 2,5 миллиард теңгесін алып, игеруі керек. Сонымен қатар, облыс активінде бәсекелестікті дамыту сөз болды.

«Егер бағаны тұрақты ұстап тұрғымыз келсе, бәсекелестікті дамытуымыз керек. Яғни, халыққа қажет өнімді өз жерімізде көп шығаруымыз керек. Ал монополистерге келер болсақ, кәсіпорынды, шаруашылықты алған кезде инвестиция салуды өз міндетіне алады, кейін бұл жұмысты тарифке байлап қояды. Орынбасарларым мен Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті тиісті жұмысты атқармай отыр. Бір сөзбен айтқанда, тарифке тиіспе, өз міндетіңе алған тапсырманы орында. Алдын ала болжам бойынша келер жылы коммуналдық қызметке баға өспеу керек. Тек пәтер иелері кооперативі тарифін жұмыс сапасы үшін көтеруге болады», — деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: