Мектептегі шу: Инспектор оқушыларды электрошокермен дәретханадан қуған

Көрнекі сурет: alau.kz

Ақтөбе қаласындағы №2 мектептің ата-аналары білім ордасына тәртіп орнатуды сұрайды. Аталмыш мектепте кеше ғана инспектордың оқушыны ұруына байланысты шу шыққан болатын. Жағдайға жоғары сыныптың барлық ата-аналары араласып отыр. Олар инспектордың электрошокермен мектепке келгеніне сенімді.

«Электрошокер инспекторда болды. Біз оны ІІД, прокуратураға жазған арызда көрсеттік. Бірақ оны инспектор ұрған балаға қолданбаған. Ер балалардың дәретханасында электрошокермен басқа балаларды қорқытқан. Ол қалған балаларға да күш көрсетіп келген. Жаңа оқу жылы басталғанда мектебімізге келген инспектор дәретханадағы ер балаларды «тез шығыңдар» деп электрошокермен қорқытқан. Балалар бастауыш сыныптың балалары емес, жоғары сынып оқушылары. Ненің не екенін ажырата біледі. Инспектор екі-үш рет қорқытқан», — дейді мектеп ата-анасы Бақытгүл Ізбаева.

Ата-аналар директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын да жауапқа тартуды сұрайды.

«Біз мектептегі жүйеге тәртіп орнатуды сұраймыз. Орынбасар Лабановаға қатысты жазған арыз үнемі жабылып қалады. Мектепте болған кешегі жағдайда мұғалімдердің де құқы бұзылып тұр. Дене шынықтыру сабағында жеті бала киініп тұрғанда Лабанова инспектормен келген. Сол күні төрт бала мектеп формасын сақтамай келген екен. Директордың орынбасары 30 минут бойына лекция оқыған. Орынбасар келесі сабақ биология сабағына да келген. Аптасына бір-ақ рет болатын биология сабағын да бұзып тұр», — дейді Бақытгүл Ізбаева.

Ал білім ордасы ата-аналар шағымына қатысты әзірге ақпарат беруден бас тартып отыр.
«Тексеріс әлі жүріп жатыр. Тап қазір мен ештеңе айта алмаймын», — дейді №2 мектеп директоры Сәния Данишева.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: