Зейнеп Ахметова: Анаға тағзым күні ерекше мереке болар еді

«Анаға тағзым» әлеуметтік орталығының ашылуына келген жазушы Зейнеп Ахметова ақтөбеліктерге ерекше ілтипат білдірді.

«Бұл әлемде анаға қандай құрмет көрсетілсе де аздық етеді. Ана өмірге ұрпақ әкелуші, адамзаттың тәрбиешісі. Пейіш ананың табанының астында деп бекер айтпаған. Қазақта шаңырақты ерлер көтеріп тұрады, болды. Қалған керегесін керу, уығын шаншу, ол үйді жөндеу, жасау әйелдің жұмысы. Әйел-ана қазақта отбасының ұйытқысы, алтын қазық берекесі, ағайынның ынтымағы болған. Осылай болып кете береді. Әйел шындаса қолынан келмейтіні жоқ. Қоғамды өзгерте алады», — дейді Зейнеп Ахметова.

Өткір пікірлерімен қоғамға ой салып жүрген жазушы елімізде Анаға тағзым күнін жариялауды ұсынды.

«8 наурыз мерекесін бізден басқа ешкім тойламайды. Ал аналарға құрмет, анаға тағзым күні деген мереке ерекше болар еді. Ақтөбеде жасалып жатқан үлкен шара иманды іс. Ұрпаққа үлгі болатын жағдай. Қыздарымызға өзін келешекте ана сезінетіндей, жауапкершілік жүктейтіндей ой салатын үлкен тірлік. Осыны ұйымдастырған адамдарға Алла денсаулық берсін. Барлық ана өмірден қиындық көрмей, баласын емін-еркін өсіріп, еліне еңбек ететін болсын», — дейді Зейнеп Ахметова.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: