Ақтөбеде өтетін «Бастау» бизнес сабақтарына қала тұрғындары да қатыса алады

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бастамасымен облыстың барлық аудандарында өткізіліп жатқан «Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстары өз нәтижесін көрсете бастады.

Оқу курстарынан өткен азаматтардың 30 пайыздан астамы өз кәсібін ашқан. Курс ауыл тұрғындарына арналған және бір ай көлемінде теориялық және тәжірибелік сабақтарды ұштастыра отырып жүргізіледі. Қатысушылардың дені сабақ барысында бизнеске деген көзқарастарының түбегейлі өзгергенін айтады.

Айталық, Ақтөбенің Алға ауданының тұрғыны Валентина Брянцева жобаның бір айлық курсын аяқтап, оқу тәртібі бойынша бизнес-жобасын облыстық комиссия алдында қорғады. Айтуынша, бизнес сабақтарынан алған білімі оның жаңа кәсіп ашуға сенімділігін арттырған.

«Менің жобам жүк тасымалына қатысты, бұрын осындай істі қолға алу үш ұйықтасам, түсіме кірмеген еді. Алға ауданындағы бизнес-тренер Қайрат Көпбаевтың берген бизнес білімінің арқасында оған шамам да, мүмкіндігім де жететінін түсіндім. Бизнес-жоба жасап, тоңазытқышты жүк көлігін алуды жоспарлап отырмын. Жобам жүзеге асса, өңірдегі азық-түлік тауарларын өзге облыстарға тасымалдаумен айналыспақпын», — дейді «бастаулық» болашақ кәсіпкер.

«Бастау» жобасын бітіруші түлектердің басым көпшілігі «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» инстиуты арқылы қаражат алуды көздейді. Аталған қор бойынша несиелеу мерзімі – 6,5 жылға дейін, үстеме – жылдық 6% аспайды, тиімді сыйақы үстемесі – 6,7% дейін. Несиелеу мерзімінің үштен бір бөлігіне дейін жеңілдетілген мерзім бекітіледі.

Бұл ауыл кәсіпкерлері үшін қазіргі таңда өте тиімді ұсыныс болып отыр. Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша несие бөлу кезінде «Бастау» жобасын бітірушілеріне басымдық береді.

Жобаның табысты жүргізілуіне орай және көпшіліктің сұрауы бойынша «Атамекен ҰКП ұйғаруымен «Бастау» жобасының айлық сабақтары облыс орталықтарында да өткізілетін болды. Ақтөбе қаласында алғашқы сабақ осы жылдың 29 қазанынан 23 қарашаға дейін жүреді. Қазіргі кезде ӨКП мен жұмыспен қамту орталығы арқылы қатысушылардың тізімі жасақталып жатыр. Жобаға жұмыссыз азаматтар немесе кәсібін ашқанына 3 жылдан аспаған азаматтар қатыса алады.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: