Бердібек Сапарбаев дипломмен ауылға барған жастардың неліктен ол жақта тұрақтамайтынын айтты

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс жастарымен кездесіп, олардың алдынан шығатын кедергілердің бірін атап өтті. Сонымен қатар, басшылардың жастарға сенім артуын тапсырды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе тұрғындарының 30 пайызы жастар. Қоғамның қозғаушы күші, белсенді әрі идеясы бар жастармен кездесу кезінде өңір басшысы Өзбекстанның Нөкіс қаласына сапарын еске алды. Сапар кезіндегі келісімге сәйкес, қазір жастар Ақтөбеде білім алып жүр.

«Тек өзіміздің емес, өзге елдегі қандастарымызды да оқытуымыз керек. Оқу бітірген соң жұмысқа орналасып, ауылға барғанда көтермеақы алуы тиіс. Бәрін бақылауда ұстаған дұрыс. Кейбір басшылар жастарды қолдамайды. «Оқуды кеше ғана бітірдің, сен тұра тұр» деп ысырып тастайды. Бұл жерде аудан әкімдері қадағалау керек. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барған жастар үйі, күй болмаса жұмыс істемей, кетіп қалады. Соңында «ауылға бармайды, ауылға тұрақтамайды» деген сөз шығады», — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Жиын кезінде өңір басшысы 3, 4 курста білім алып жүрген жастардың мамандығына талдау жүргізіп, кімнің қайдан келгенін, аудан, ауылда сол маманға сұраныс бар-жоғын анықтауды тапсырды. Бұл жұмысты облыстық жастар саясаты басқармасы қолға алды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: