40 жасқа дейінгі қазақстандықтар әскери жиыннан өтеді

40 жасқа дейінгі 1 500-ге жуық әскери міндетті азамат әскери бөлімшелер мен мекемелерде екі апталық қызмет атқарады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери бөлімшелерде олар Қарулы Күштердің соғыс және мобилизациялық дайындығын арттыру үшін әскери білімдерін жетілдіреді.

Жиынға шақырылған әскери міндеттілердің, жиын мен оған келу-кетуге жұмсалған уақытын қоса есептегенде, жұмыс орны, лауазымы сақталады, республикалық бюджеттің қаражаттары есебінен орташа айлық жалақысы төленеді. Жиынға шақырылғандардың барлығы тамақ және заттай меншіктермен қамтамасыз етіледі.

Жиынның соңында олар әскери-есептік мамандықтар мен лауазымдарға сәйкес, жиындардың оқу бағдарламасын меңгергенін дәлелдеу үшін емтихан тапсырады. Жиын қатысушыларының арасында офицерлер, сержанттар, және запастағы әскери қызметшілер бар. Жиындар әскери міндеттілерді қайта даярлау және олардың әскери білімдерін жетілдіру мақсатында өткізілмек.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: