Event-орталығының жетекшісі: Өз тойына кіріп келе жатып, құрбыларымен қолдарын көтеріп амандасатын келіндер бар

Бүгінде қазақтың тойы дамып, шоу бизнеске айналды. Ешкімде болмаған эксклюзивті сәттерді сұраушылар тойларын шоу ретінде өткізіп жүр. Бірнеше жылдан бері той ұйымдастыру ісімен айналысып жүрген Гүлнұр Жұмағалиева бүгінгі тойдың қызықтарымен бөлісті.

«Әрбір отбасы той болардың алдында туыстарды жинап ақылдасады. Суретке түсіру, видео, мейрамхана іздеп, той жүргізушіні таныстарынан не тойда көріп жүрген адамдарды шақырады. Ал біз осының барлығын міндетімізге аламыз. Той ұйымдастыру орталықтары қазір дамыды. Орталық атағы, нарықтағы абыройы үшін жұмыс жасайды. Тұтынушының бар қалауын орындауға тырысамыз. Біздің той бизнесте жүргенімізге 7 жыл болды. Барлығын бес саусағымыздай білеміз. Жеті жылдың ішінде жауапты, жұмыстары ерекше адамдармен жұмыс жасауға тырысып жүрміз. Тойда барынша жоғары деңгейдегі шоу жасалады. Әр тойда ешкімде болмаған эксклюзивті моменттер таңдалады. Бізде қатып қалған баға жоқ. Кез келген бағаға той жасап береміз. Бір болатын той, шашылсақ тойда шашылайық деп келетіндер көп», — дейді Гүлнұр Жұмағалиева.

Ақтөбедегі ақсүйек отбасылардың қуанышына ортақтасып жүрген той ұйымдастырушы ата-ене алдында қысылуды білмейтін бүгінгінің келіндеріне деген таңданысын да жасырмады.

«Мен өзім тұрмысқа шыққан кезде жағдай басқаша еді. 14 жыл бұрын 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Ол кезде ата-енеден қорқып, төмен қарап отырамыз. Ал қазіргі келіндер қызық. Кіріп келе жатқаннан еркін, күліп, құрбыларымен қолдарын көтеріп амандасып жатады. Келіндер еркін. Керісінше, енелері олардың көңілдеріне қарап жүреді. Тойдың ұйымдастыруына дейін келінге жіберіп, жалтақтап отырады»,-дейді ол.

Ұйымдастырушылар тойға еріп келетін балаларға арнап бөлек дастархан жайып жүр.

«Кейбір қонақтар балаларын ертіп келіп оны біреудің орнына отырғызып қояды. Той иелері «балаңды тұрғыз» деп айта алмайды. Басында осындай қиындықтар көп болған соң той иелеріне балаларға арналған үстел дайындатуды сұрадық. Себебі біздің қазақтар баласыз тойға келмейді. «Бала әкелме» десең ренжіп келмей қалады. Сондықтан біз балаларға бөлек үстел дайындауды сұраймыз. Ертегі кейіпкерлері шақырылады. Сонда реніш болмайды. Себебі тойда кемі 15 бала жүгіріп жүреді»,-дейді Гүлнұр Жұмағалиева.

Пікір қалдырыңыз