Ақтөбе облысындағы киелі жерлерге жолдың жоқтығы жөнінде Президент Әкімшілігіне хабарланады

Астанадан келген комиссия Ақтөбе облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуын тексерді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бүгін, 22 маусым күні «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» және «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» атты кітаптардың тұсаукесері өтті. Бұл кітаптардың тек 20 данасы ғана С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхана мен облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды.

Кітаптардың тұсауын кескен «Қасиетті Қазақстан» зерттеу орталығының бөлім меңгерушісі Анар Екімбаева жергілікті өлкетанушылардан көмек сұрады. Оның сөзінше, кітаптарда жиналған мәлімет қарапайым халыққа арналған, ал оны әрмен қарай зерттеп, толықтыру жергілікті тарихшылардың еншісінде.

«Жергілікті қасиетті нысандар ретінде Ақтөбе облысының 34 нысаны кірді, ал жалпыұлттық нысандар қатарына облыстың 100 нысаны енді. Бұл жергілікті өлкетанушылардың еңбегі. Дегенмен, 34 нысанды әрі қарай зерттеуге өлкетанушылардың көмегі қажет. Ақтөбедегі қасиетті жерлер жайлы тек Ақтөбе емес, бүкіл Қазақстан білуі тиіс», — деді Анар Екімбаева.

Жергілікті қасиетті мекендерді аралау барысында Анар Срайлқызы бірқатар мәселелерге тап болған. Соның ішінде жол мәселесін шешу – ең өзекті тақырыптардың бірі.

«Тексеріс барысында 10 қасиетті нысанға жолдың жоқтығы туралы айттық. Яғни туризмді дамыту қиынға соғып тұр. Атап айтсақ, Хан моласына, Жаманшың кратеріне, Есет Дәрібай, Бопай ханым, Ойсылқара, Абат-Байтақ, Исатай Тайманов, Досжан Исжан қорымдарына жол салу мен бизнес-орталықтар ашу қажеттігі туралы мәліметті облыс әкімдігі мен Президент Әкімшілігіне жеткіземіз», — деді бөлім меңгерушісі Анар Екімбаева.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: