Ақтөбеде 9 баланың анасы егіз ұл мен қызды өмірге әкелді

Ақтөбе облыстық перенаталдық орталығында 38 жастағы келіншек егіз ұл мен қызды өмірге әкелді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл сирек кездесетін қуанышты жаңалық, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығында 16 маусым күні 9 баласы бар Әсем Бекмағамбетова егіз ұл мен қызын өмірге әкелді. Акушер-гинеколог Гүлстан Қабылованың айтуынша, айы-күні жетіп өмірге келген екі баланың да денсаулығы жақсы, жас ана да дін аман. ҚазАқпарат тілшісі перзентханаға барып, егізін бауырына басқан Әсем Бекмағамбетованың жағдайымен танысып келді.

«Менің 9 балам бар. Оның екеуі ұл, жетеуі қыз. УДЗ-ге түскен кезде егіз екенін біліп, өзіміз таңғалдық. Қызымыздың аты Аиша, ұлымыздың аты Мұстафа. Екеуіне де есімді әкесі берді. Салмақтары үш келіден асады. Үнемі перинаталдық орталыққа келіп, осы жерде босанамын. Жыл өткен сайын медицина саласы дамып, жаңарып жатыр. Бәрі жақсы, өзімнің де денсаулығыма қарап, дәрігерлер көмектесіп тұрады», — деді Ә. Бекмағамбетова.

Жас ана жұмыс істемейді, балаларының күтімімен үйде отыр. Ал күйеуі вахталық әдіспен Атырауда еңбек етеді. Осыдан 15 жылдан астам уақыт бұрын Атыраудан Ақтөбеге қоныс аударған олар ипотекалық несиеге үй алды.

«Үйде жалғыз табыс көзі бар. Ипотеканы төлеу қиын екені рас. Бір рет қайта рәсімдеп, жылын ұзартуға тура келді. Балаларымыздың үлкені университеттің ақылы бөлімінде оқиды. Екінші баламыз медицина саласын таңдағысы келеді. Ал кішкентайы 2 жарым жаста. Мен де, жолдасым да көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Балаларымыз бір-бірін қарайды, үйдің шаруашылығына көмектеседі әрі өте бауырмал»,- деді Әсем Бекмағамбетова.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: