БЖЗҚ-ның қолды болған қаражаты қашан қайтарылады

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева қордың бұрынғы басшысына қатысты шығарылған сот үкімі туралы өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сот БЖЗҚ қаражатын жымқыру ісіне үкім шығару барысында Ерденаевтан, Медетбековтен, Бақытовтан және Кенжебаевтан үш ай ішінде 5 млрд теңгені өндіріп алу туралы «БЖЗҚ» АҚ талап-арызын қанағаттандыруды сұрады. Сонымен бірге, өндірілген соманың 1 проценті көлемінде (50 миллион теңге) мемлекетке баж салығы өндіріледі.

«Әзірге ешқандай қаражат алған жоқпыз. Апелляциялық өндірістің аяқталуын күтіп отырмыз. Шешім шыққан соң, 5 млрд теңге көлеміндегі шығынды өндіріп алуға талап-арыз береміз», — деді «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың қаңтар айында БЖЗҚ басшылары қамауға алынды: БЖЗҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаев, «БЖЗҚ» АҚ тәуекелдерді басқару департаментінің қаржылық тәуекелдер басқармасының басшысы Мұса Бахтов, «Алатау Мұнай Алтын» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы Бақытжан Кенжебаев және «Бузгул Аурум» ЖШС директоры Азат Найзағарин ұсталды. Оларға ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің, 2-тармағы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айып тағылды.

Аталған іспен Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысты. Сот үкімімен айыпкерлерге түрлі мерзімде жаза тағайындалды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: