Ақтөбедегі оқушының өлімі жүректің мезгілсіз тоқтап қалуынан болған

Мектептегі оқушы өліміне қатысты мәлімдеме жасаған ақтөбелік дәрігерлер мектеп алғашқы медициналық экспертиза қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«14 минуттың ішінде көмек көрсетілді. Бірақ, мұндай жағдайда әрбір минут қымбат. Көмек күткен туыстарына, мектеп қызметкерлеріне 14 минут ұзақ болып көрінуі мүмкін. Біз тексергенімізде осы 14 минут ішінде мектептен 4-5 қоңырау түскен. Жедел жәрдемді даладан ұстадық дегені шындыққа сай келмейді. Олар шақыру бойынша толық дайын болып келді. Бала жедел жәрдем қызметі жеткенше қайтыс болған. Алғашқы медициналық тексерістерде мезгілсіз жүректің тоқтап қалуынан деп көрсетілді. Мұндайда қазаны тек 20 минуттан кейін ғана ескертеді. Айта кетерлігі бала осыған дейін дәрігерге қаралып, денсаулығына қатысты шағым айтпаған «, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.

Дәрігерлер сараптама қорытындысының 27 сәуір күні дайын болатындығын айтады.

№38 мектептің 5 класс оқушысы Дильназ Әбішеваның қазасына қатысты түсініктеме берген мектеп басшылығы жағдайдың қалай болғанын айтып берді. Оқушы алтыншы сабақта өткен тәрбие сағаты кезінде қасындағы оқушыға қарай қисайып құлап қалған.

«10 сәуір күні түстен кейінгі мезгілде оқитын оқушымыздан айырылып қалдық. Өзіміз де қиналып отырмыз. Дильназ тәрбие сағаты кезінде қасында отырған оқушыға құлаған. Бірден мебдикеге жүгіріп, жедел жәрдем шақырдық. Көрші класта ағасын, жақын жерде жұмыс жасайтын мамасын шақырдық. Бала есін жимай талып жатты. Қатты қобалжығаннан жедел жәрдемге минут сайын қоңырау шала бергенбіз. Біз баланы ауруханаға алып кеткеннен кейін қайтыс болғанын естідік. Балада осыған дейін де әлсіздік болған. 20 күн бұрын дәлізде басы айналған кезде шай беріп үйіне қайтарған болатынбыз. Жағдай қайталанып тұр», — дейді мектеп директоры Назгүл Қасен.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: