Ақтөбе облысында өртенген автобустың жүргізушісі 2 айға қамауға алынды

Прокуратура автобус жүргізушісі Нұржан Қырғызбаевты күдікті деп таныды. Сот санкцияны қанағаттандырды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бүгін, №2 қалалық сотқа 18 қаңтар күні өртеніп кеткен автобустың жүргізушісі әкелінді. Ауруханадан шыға салысымен қолына бірден кісен тағылған жүргізуші Нұржан Қырғызбаев күдікті ретінде танылған.

Прокурордың сөзінше, жүргізуші қауіпсіздік ережелерін орындамаған. Яғни өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып, дәнекерлейтін шамды пайдаланған.

«Қырғызбаев Нұржан — басқа облыс тұрғыны, сондай-ақ, қылмыстық әрекеттен 52 адамның қаза болуын назарға алу қажет. Егер ол бостандықта жүрсе, тергеудің әділ жүруіне кедергі етіп, соттан жасырынуы мүмкін. Сондықтан оған қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын санкциялауды сұраймын», — деді прокурор.

Жүргізуішінің қорғаушысы Амангелді Юсупов мұндай санкцияға қарсы болды.

«Күдікті бұрын-соңды сотталмаған, Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғылықты жері бар. Онымен бірге інісі, келіні, бала-шағасы бірге тұрады. Тұрғылықты жері бойынша әкімшіліктің берген мінездемесі де жақсы. Басты дәлелдемелер әлдеқашан жиналып болған. Сондықтан бұл жерде күдікті дәлелдеме жинауға нұқсан келтіре алады деп айту негіз жоқ», — деді Амангелді Юсупов.

Алайда, қорғаушы бұлтартпау шарасын өзгертуге қанша тырысқанымен күдіктінің жағдайын өзгерте алмады. Судья Әлима Әділова прокурордың санкциясын қанағаттандырды.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: