Ақтөбелік полицейдің соққысынан құлағы естімей қалған жәбірленуші сотта өз құқығын кітаптан оқып алды

Ақтөбе қалалық сотында соққыдан құлағы естімей қалған жәбірленуші Аслан Сәрсенғалиевтің ісі қарала бастады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Өткен жылдың наурыз айында кафеде отырған Аслан Сәрсенғалиев соққыға жығылып, ұзақ уақыт тергеу жұмыстары жүргізілген болатын. Іс сотқа жетті. Бүгін алғашқы сот отырысы өтті. Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айыпталушы Айбек Алишев сот алындында жауап береді. Айбек Алишев Темір ауданында учаскелік инспектор болып жұмыс істейді. Полиция майоры шенін алған.

Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші мен оның сенімді өкіліне құқықтары түсіндірілді. Ал соққыдан құлағы естімей қалған Аслан Сәрсенғалиев өз құқығын кітаптан оқып алды.

«Қылмыстық оқиға болған кезде біздің қарапайым адам екенімізді біліп, ешкім кешіріп сұрап келмеді. Істің сотқа жетуі үшін бернеше рет полицияға, прокуратураға шағымдануымызға тура келді. Қазір Аслан Сәрсенғалиевтің құлағы мүлде естемейді, сөздері де түсініксіз болып барады. Жеке емханаға апарып, тексеру жүргізген кезде «аса қатты зақым келген, қайта қалпына келтіру мүмкін емес» деп қорытынды шығарып берді. Жас жігітке «мүгедексің» десек ренжиді. Бірақ өмір бойы мүгедек болып қалады», — деді жәбірленушінің нағашы апасы Ботагөз Қалиева.

Судья Күзембаева алдымен жәбірленушіні, кейін куәгерді тыңдауға шешім қабылдады. Соңында айыпталушы Айбек Алишевтен жауап алынады.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: