Ілияс Испанов, қала әкімі: Келесі жылы ақтөбеліктер үшін өте сәтті жыл болады деп ойлаймын

Ақтөбе қаласының әкімі 2017 жыл несімен есте қалғанын айтып берді және ақтөбеліктерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Біріншіден, биыл Ақтөбе қаласында толық бір жыл жұмыс істедім. Мұның алдында жарты жыл ғана қызмет атқарған едім. Екіншіден, бірқатар жобалар басталды. «Смарт сити» жобасы қолға алынды. Халықты көп мазалайтын жол мәселесі де шешіле бастады. 40 автобус алдық, тағы 76 автобусқа тапсырыс бердік.

Ғимараттарды түрлі түске бояу халықтың көңілінен шықпаса керек. Ойламаған проблемалар шықты. Бірақ соны шешіп, тәжірибе жинадық. Келесіде бұдан да жоғары деңгейде жасамақ ойымыз бар. Сосын аялдамаларға қатысты да сыни пікірлер естідік. Аялдамалар үлкен гүл сататын дүкен болмаулары керек. Су мәселесінің құжаттарын биыл бітірдік. Суды Ақтөбе қаласына Ақтөбе су қоймасынан тарту жобасын іске асырамыз», — деді Ілияс Испанов.

Сондай-ақ, қала әкімі өзінің орынбасарларының мансап бойынша жоғарылап кеткенін айтты. Келесі жылы солардың бос орындарына байқау жарияланады. Еске сала кетейік, бұрынғы қала әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров Алға ауданының әкімі болып тағайындалды. Ал Ләззат Оразбаева облыстық білім басқармасының басшысы атанды.

«Келесі жыл ақтөбеліктер үшін өте сәтті жыл болады деп ойлаймын. Бірқатар жобалармыз іске асса, онда Ақтөбе тұрғындарының жағдайы ыңғайланады. Соны жүзеге асыруға ниеттімін. Ендігі жылы барлығына бақыт, отбастарына табыс әкелсін. Жұмыста тек қана қызметтік өсім бола берсін. Бастысы, денсаулық тілеймін!», — деп қала әкімі ақтөбеліктерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Қамбар Мұқашев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз