Ақтөбеде басшысынан бастап смартфон ұстаудан жаппай бас тартқан орталық елді сүйсінтті

Ақтөбеде мүгедек балаларды оңалту, оларды өмірге бейімдеу жұмыстарымен айналысып отырған орталықтың өз тәртібі бар. Мінез-құлқы ерекше, денсаулығында кінәраты бар балаларды тәрбиелеп отырған орталық қызметкерлері смартфон қолданбайды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Нұрила Жарболова. Фото: nur.kz

«Біз орталыққа кіргеннен смартфон ұстамаймыз, оған тыйым салып отырмын. Смартфонмен отырған адам алаңдап кетуі мүмкін. «Балық басынан шіриді» деп айтпасын деп, мен де смартфоннан бас тарттым. Мен қызметкерлеріме үлгі болуым керек.

Қолымдағы қарапайым телефон, қызметкерлеріме де осыны айтамын. Біз мүгедек балаларға көмек көрсететін болғаннан кейін телефонмен емес, қасымыздағы балалармен жұмыс жасауымыз керек», — дейді «Жайна» мүгедек балаларды оңалту орталығының басшысы Нұрила Жарболова.

Орталық қызметкерлері де жұмысқа келгенде смартфон ұстаудан бас тартқан.

«Смартфон жолдан қалдырады, уақытты босқа өлтіреді. Алаңдамайын десе де, қолында болса, тәуелді болып қаласың. Себебі, уақытыңды алатын барлық өсек, әңгіме осы телефонда. Тәрбиеші телефонмен отырса, бала қараусыз қалуы мүмкін.

Менен «Сіз басшысыз, сізде неге Whatsapp жоқ, неге дұрыс телефон жоқ?» деп сұрайтындар бар. Мен қызықпаймын. Жұмыс смартфонсыз да жұмыс жүреді. Керісінше, телефонға кеткен уақытымды басқа жұмыстарға арнаймын», — дейді мекеме басшысы Нұрила Жарболова.

Нұрила Қыдырбайқызының мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасап жүргеніне бес жыл болған. Қазір оңалту орталығында 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 70-ке жуық мүгедек бала тәрбиеленіп жатыр.

Балаларды емдеу тегін. Жарымжан балалар үш айдан бір жылға дейін оңалту орталығында бола алады. Орталық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жұмыс жасайды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: