Ілияс Испанов жергілікті кәсіпкердің төрт жетім балаға үй алып беретінін айтып сендірді

ratel.kz

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов «Ақтөбе ақпарат» орталығында он айлық жұмысын қорытындылады. Тілшілерді осыған дейін жергілікті биліктен көмек сұраған жетім балалардың жағдайы қызықтырды.

Абай Жұмабаев осыған дейін отандық БАҚ арқылы өз тағдырын баяндаған болатын. Жастайынан үш бірдей бауырын қамқорлығына алған жігіттің анасы ерте қайтыс болған. Әкелері балаларын тастап, өзге отбасыға кеткен. Тұрмыстың қиындығынан кезінде аналары алған несие жабылмай қалып, банк балалар тұрып жатқан үйді тартып алған болатын.

Қазір жетім өскен ағайынды төрт жігіт қамқор жандардың қолдауымен жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Жағдаймен таныс екенін айтқан қала әкімі баспана мәселесінде жергілікті кәсіпкердің қолдау білдіретінін айтты.

«Көмектің барлығы заңға сай көрсетілетін болады. Абай Жұмабаев деген жігіттің қандай жағдайға түсіп қалғанын өздеріңіз білесіздер. Егер оған кезексіз үй беретін болсақ, кезекте тұрған басқа адамдардың қандай сұрақ көтеретінін де білесіздер. Қазіргі кезде әлеуметтік жағдай бойынша кезекке тұрған адамдардың саны 17 мыңнан асады. Әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Бірақ, осы мәселені халық болып, әкімшіліктің ұйымдастыруымен жұмыстар жалғасатын болады. Бір кәсіпкер бар, пәтер мәселесін шешіп беретін ойлары бар», — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: