Тарихшылар Есет батырға қатысты бұрын-соңда ғылыми айналымда болмаған деректерді жариялады

Оралдық тарихшы Жәнібек Исмурзин Есет батырдың өмір сүрген жылдарын қайта қарастыруы керектігін алға тартты.

Тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин Орынбор музейі мен мұрағаттарында сақтаулы тұрған құжаттарды зерттеген. Ол бұрын-соңды ғылыми айналымда болмаған Есет батырға қатысты деректерді келтірді. Айтуынша, Тама Есет батыр орыс губернаторларынан қорықпай, оларға сес көрсетіп хат жазған.

«Мұрағат құжаттары Есет батырдың қызуқанды, батыл адам болғанын дәледейді. Ол 1740 жылдары Жайық казактары мен Орынбор губернаторына жазған хаттарында батылдық танытады. «Егер қалмақтар тұтқындаған мал мүлкімізді қайтарып бермесеңдер, онда жолды ашыңдар. Өзім барып тартып аламын» деп жазған», — деді Жәнібек Исмурзин.

Сондай-ақ, тарихшының сөзінше, Есет батырдың беделін қазақтар ғана емес, орыстар да мойындаған, онымен санасуға мәжбүр болған. 1750 жылы Орынбор кеңсесі Кіші жүздегі абырой-беделге байланысты қазақтарды үш топқа бөлген. Алғашқы топтың ішінде Есет батырдың есімі аталады.

Бұдан бөлек, тарихшы Жәнібек Исмурзин Есет батырдың өмір сүрген жылдарын өзгерту керектігін айтты. Оның пайымынша, Тама Есет 1667 жылы емес, 1669 жылы дүниеге келген.

«Есет батыр» дастанында «Есеттің Бараққа келуі» бөлімінде батырдың 95 жасында болғаны айтылады. Ал фольклорлық мұраларда атақты Байбақты Сырым 15 жасында 90 жастағы Есеттен бата алғандығы айтылады. Осыған дейін жазылғандай, Есет 50-ші жылдардың аяғы емес, 60 жылдардың ортасында немесе 1767-68 жылдарына дейін 99 жас жасағаны шындыққа жанасады. Марқұм Әбіш Кекілбаевтың өзі Есет батырдың 100-ге жақын жаста қайтыс болғанын айтты. Мұның барлығы Есет батырдың өмір сүрген жылдарын қайта қарауды қажет етеді», — деді тарихшы ғалым.

Қамбар Мұқашев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз