Сапарбаев қарияларды қамқорлығына алған әлеуметтік қызметкерлерді марапаттады

Қарияларға көмек көрсетіп, олардың үйін жинап, жуындырып, киіндіріп жүрген әлеуметтік қызметкерлер төл мерекелерін атап өтті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері күні өтті. Ардагерлер мен үздік қызметкерлер Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі мен облыс әкімдігінің медалін, құрмет грамотасын, алғыс хаттар мен сыйлық алды. Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық мәсхилаты, облыстағы басқармалар 40-тан астам қызметкерге арнайы сый жасады.

«Әрбір адам өмірге келгеннен кейін оның бойында ең бірінші ізеттілік, мейірімділік, қамқорлық болуы керек. Өңірде, Қазақстанда қорғауды, қолдауды қажет ететін адамдар бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қаржылық қиындықтарға қарамастан әлеуметтік қолдауды арттыруды, мұқтаж жандарға көмектесуді тапсырды. Өңірде 2 мыңға жуық қызметкер бар, олар 290 мың адамға көмек көрсетеді. Қариялар, мұқтаж жандар бірінші сіздерді күтеді. Олардың әлеуметтік қызметкерлерден басқа қолдайтын, көмек көрсететін адамы да жоқ. Кейбірі орнынан тұра алмайды, жүре алмайды. Қазақта «адам өмірде алғыс алып өтуі керек» деген сөз бар. Алғыс алсаң, жаман болмайсың. Ол адамдар сіздерге тек алғыс айтады, тілеулес», — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Қырмызы Балықова бір ұл мен бір қыздың анасы, бес немеренің әжесі. Оның жұмысы қарттарға медициналық көмек көрсетіп, үй жинау, дүкеннен азық-түлік тасу, дәріханаға бару, коммуналдық төлемдерді өтеу. Бәріне бар болғаны 2 сағат уақыт берілген. Осы аралықта әлеуметтік қызметкер өзі бағып-қағып отырған қариямен сөйлесіп, әңгімелесіп, алыстағы туысы мен баласына хат жазып үлгеруі тиіс.

«Әлеуметтік қызметкер болу өзіме ұнайды. Біз жалғыз қалған қарттарға көмектемесіз, аптасына екі рет екі сағатқа барып, қолдан келер барлық көмегімізді береміз. Олар бізді, біз оларды көргенде балаша мәз болып, құшақ жайып, қауышамыз. Ата-әжелер қыздарын күткендей тосып, бізді есік алдынан қарсы алады. Мен 9 адамға қызмет көрсетемін. Олардың арасында ерлі-зайыпты қариялар бар», — деді әлеуметтік қызметкер Қырмызы Балықова.

Ақтөбеде әлеуметтік қызметкерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді, олар айтулы даталарда сыйақы алады. Тұрғын үй секторы арқылы пәтер кезегіне тұра алады. Бірақ жалақысы тым аз. Қариялардың киімін жуып, жуындырып, шашып қиып, күтімін жасайтын қызметкерлер бар болғаны 47 мың теңге алады.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: