Атырау музейіне Саламат Мұқашевтің домбырасы тапсырылды

Атырауда қоғам және мемлекет қайраткері Саламат Мұқашевтің туғанына 90 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті. Оған қайраткердің ұрпақтары мен туыстары, әріптестері мен достары, артынан ерген інілері, Атырау тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Салиқалы кешке Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев келіп, асыл азаматтың елге сіңірген еңбегін сөз етті. Ол әр ұрпақтың аға буынның атқарған істерін абыроймен жалғастыру керектігін баса айтты. «Ұрпақ сабақтастығын үзбей, алдыңғы буын ағаларымыздың атқарған істерін қазіргі заманды, жаһандануды ескере отырып абыроймен жалғастыру – ұрпақ алдындағы міндет», – деді ол.

Салтанатты жиында қоғам және мемлекет қайраткері Равиль Шырдабаев, Мадина Ғадбісәлімова, Саламат Мұқашевтің жұбайы Мәрия Сәлімгерейқызы сөйлеп, тұлғаның өмір жолындағы жарқын естеліктерімен бөлісті. Мәрия апай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне қайраткердің домбырасын табыс етті.

Саламат Мұқашев 1927 жылы туған Атырау қаласында туған. КСРО Жоғарғы Советінің депутаты, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының мүшесі, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасы, Атырау, Маңғыстау облыстық партия комитетінің 1-хатшысы қызметтерін атқарған. Төрт рет «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет Белгісі», «Құрмет» ордендерімен марапатталды. 2014 жылы Атырау политехникалық колледжіне есімі берілді.

Еркебұлан Сатқанбаев, Атырау

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: