Жерлестер форумында төбе көрсетпеген Есен Елеукен Ақтөбеде «Жайдарман» ойындарын ұйымдастырмақшы

El.kz

«Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен алдағы уақытта перзенттік борышы ретінде Ақтөбе облысында халықаралық деңгейдегі ойындар өткізгісі келетіні туралы айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келіп, бүгінде Астанада қызмет етіп жүрген жастар жанашыры әрқашан туған жерге жүрегі бұрып, көңілі ауып тұратынын жеткізді.

«Жайдарман ойындарын ұйымдастырып түрлі елді мекендерде болып жүрміз. Қазақстанның барлық жерін аралап шығып, шетелге де шықтық. Басқалармен салыстырғанда біздің туған жерде ну орман мен табиғаты әсем жер жоқ. Бірақ, әрқашан жүрегімізде. Себебі, біздің балалық шағымыз осында өтті», — деді Есен Елеукен Ақтөбеге сапары аясында.

Жерлестер форумына қатыса алмаған ол алдағы жылы үлкен көлемде шара өткізетіні туралы айтып берді.

«Өткенде бір мақтаныш сезімде болдым. Туған жерге байланысты үлкен іс шара өтті. Қазақстанда бірінші рет болып жатыр. Басқаларға үлгі болдық, осы шараға қатысқан ағаларымыз керемет әсер алыпты. Өкінішке орай жерлестер форумына мен қатыса алмадым. Дегенмен, перзенттік борышым ретінде сіздердің алдарыңызда халықаралық деңгейде ойын өткізгім келеді. Сәтін салса, келер жылға жоспарлап отырмын», — деді Есен Елеукен.

Әлішер Садық, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз