Туған анасын балағаттаған Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тұрғыны сот алдына келді

Оқиға Ақтөбе облысының Шалқар ауданында болды. Отбасында жанжал шығарып, анасына балағат сөздер айтқан тұрғынға қатысты сот отырысы қаралды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Көп жағдайларда отбасы–тұрмыстық құқық бұзушылық кезінде жәбірленуші ретінде құқық бұзушының әйелдері келеді. Отбасылық «бұзақының» басқа да отбасы мүшелері жәбірленуші болып келетіндері де аз емес. Алайда, жәбірленушілер жағы отбасын, туыстық қатынастарын сақтап қалу мақсатында құқық бұзушымен татуласуына байланысты әкімшілік істі тоқтату туралы өздері сотқа арызбен жүгінеді», — дейді сот қызметкерлері.

Шалқар ауданындағы ана мен балаға қатысты сот отырысы да кешірім берумен аяқталған.

Сот залында анасынан кешірім сұраған тұрғынға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жәбірленуші кешірім берген соң тоқтады.

Әкімшілік жауапкершілікке тартылған азамат сот залында анасымен жазбаша келісімге келді. Ол өзінің әрекеттері үшін анасынан кешірім сұраған.

Жауапкерге алдағы уақытта балағат сөз айтпауға және бірге тұрып жатқан адамдарға құрметпен қарау міндеттелді. Анасы сот залында ұлына кешірім беріп «балағат сөз айтпаймын» деген уәдесін алды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Ардан Сердалы, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: