Таяуда алтын тойларын дүркіретін өткізген Ерке Есмаханның ата-анасы жас жұбайларға баталарын берді

Асқар Ақтілеу (фото)

Конституция күнінде Ақтөбе облысы әкімдігінің алдындағы алаңда 50 жұп шаңырақ көтеріп, некелерін қиды. Мерекелік шеру өткен соң, күйеулер мен қалыңдықтары алаңға шығып, облыс басшысы Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұованың қолдарынан неке куәліктерін алды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қалалық хал актілерді тіркеу бөлімінің қызметкерлері қалыңдықтарынан, содан соң күйеулерінен олардың ерікті түрде некелесуге келісімдерін сұрады. Екі тарап та хормен келісімдерін берген соң, жауапты мамандар жас жұбайларды заңды некеге отырғандарымен құттықтап өтті.

Неке куәліктерін салтанатты жағдайда Сапарбаев және Қалдығұловадан өзге облыстың танымал азаматтары табыстады.

Өз кезегінде, отбасы құрғандарына 25, 30, 40, 50 жыл болған жұбайлар да жастарды заңды некелерімен құттықтап, сый-сыяпаттар тарту етті.

0

Танымал әнші Ерке Есмаханның таяуда ғана алтын тойларын дүркіретіп тойлаған ата-анасы Мақпал апай мен Әбдірәш ақсақал Григорий Еремин мен Айдана Нектаева есімді жас жұбайларға сыйлықтарын ұсынып, оларға бақыт тіледі.

Aktobenews.kz тілшісіне берген сұхбатында Әбдірәш Есмахан Мақпал апаймен шаңырақ көтергендеріне 50 жыл болғанын, осыдан тура бір ай бұрын алтын тойларын дүркіретіп атап өткендерін жеткізді.

Асқар Ақтілеу (фото)

«Құдайға шүкір, бақытты отбасымыз деп айта аламын. 1967 жылы жаз мезгілінде шаңырақ көтердік. Бір жылдан кейін алғашқы баламыз дүниеге келді. Бүгінде Ерік қала мектептерінің бірінде директор. Одан кейін Гүлбағда мен Венера есімді екі қызымыз жарық дүние есігін ашты. Олар да қалада, отбасылы, қызметте, кәсіптері бар. Ал, бұрын облыста имам болған Бауыржан баламыз облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы болып жүрді, қазірде жаңадан құрылған дін және азаматтық қоғам министрлігіне ауысты. Түркияда білім алған», — дейді Әбдірәш ақсақал.

Әбдірәш Есмахан әнші қызы туралы да айтып өтті.

«Ерке қызымызды ел біледі. Өзінің өнерімен халыққа қызмет етіп, олардың құрметіне бөленіп келеді. Бүгінде Мақпал апайың екеуміз де зейнеткерміз. Балаларымызды бақтық. Немерелерімізді қағып жатырмыз. Шөберелеріміз қасымызда. Еліміз аман болсын, Тәуелсіздігіміз баянды болсын», — дейді ақсақал.

Әбдірәш ақсақал мереке күні шаңырақ көтерген жастарға батасын да берді.

«Біздің жүрген жолымызды берсін, біздің бақытымызды жастарға берсін. Біз көрген қызықтарды көрсін, көтерген отауларының іргесі берік болсын!», — дейді ол.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

 

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: