Мейрам Хабиболла: Шекспирдің «Ромео-Джульеттасы» мен Киплингтің «Мауглиін» сахналағым келеді

Мейрам Хабиболла актер, режиссер. Ол Тахауи Ахтанов атындағы драма және «Алақай» қуыршақ театрының режиссері. Шымкент, Алматыдағы өнер ордаларында өз қойылымдарын сахналап, Мәскеу, Ялта секілді қалаларда өткен біліктілікті арттыру семинарларына қатысты. Жас режиссер елімізге алғаш рет көлеңкелі қойылымды енгізді. Бірнеше фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алған жас маман Aktobenews.kz тілшісіне сұхбат берді.

Диплом алып, Қазақстанның қалаларын аралауға шықтық

— Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Музыка факультеті театр және хореография бөлімінің драма театры режиссері мамандығын бітірдім. Жоғары оқу орнында 2007-2012 жылдары аралығында білім алдым. Қадыр (фамилиясы) екеуміз группаласпыз. Жоғару оқу орнын бітірген соң Қазақстанның барлық қаласын аралап, жұмыс іздеуді, ыңғайлы жерге орналасуды көздедік. Алдымен көрші тұрған Ақтөбе қаласына келдік. Сол кезде «Екі езу» сатира театрында кастинг болып жатты. Кастингке кіріп, жұмысқа орналастық. Әрі қарай қалаларды аралап, таңдау жасауды жөн көрмедік. Өйткені, Атырау, Ақтаумен хабарласқан едік. Тартымды ұсыныс болмады. Бір жылдан астам уақыт бойы «Екі езуде» жұмыс істеп, кейін драма театрына қосылған соң режиссерлық қызметке орналастым. 2014 жылдан бері драма театрындамын.

Қазақстанда көлеңкелі қойылым дамымаған

— Көлеңкелі қойылым Ақтөбе, жалпы Қазақстан халқы үшін жаңа бағыт. Бұл басқа мемлекетте бар жаңалықты біздің өнер ортасына енгізу қадамы. Қазақстанда дамымаған. Ондай маман да жоқ. Әлем бойынша мамандар өте сирек. Көлеңкелі театрдың өзі үшке бөлінеді. Қуыршақ, қолмен жасалатын көлеңкелі көріністер бар. Кейін адамның толық қатысумен жасалатын көрініс шықты. Бұл көлеңкелі көріністің жаңа бағыты екен. Ең алғашқы көлеңкелі өнер Индонезияда шыққан деп айтады. Біреулер Осман империясынан, біреулер Қытайдан басталғанын дәлелдейді. Идея ойға келді, ортаға тастадым. Бірақ өзім оның жасалу жолдарын, технологиясын білмедім. «Жұлдызды сәт» жобасы аясында қолға алынған дүние еді. Жаңашылдық, таңқалдыратын туынды. Жаңа дүниені іске асыру үшін бір ай көлеңкелі көріністі шығару жайын ойластырдық. Оның технологиясын интернеттен қарап, жасау мүмкін емес. Үйренетін видеосы да жоқ. Украина, Англиядағы театрлар негізгі технологиясын көрсетпейді.

Идея қаржыға тәуелді

Қолдау болады, ешкім «істеме» деп айтпайды. Қолдау тапқан соң оның қаржылық мәселесі бар. Қарапайым ғана көлеңкелі қойылымды сахналау үшін бізге проектор қажет болды. Экраны, экранға арналған мата. Бәрін алу үшін жағдайың болуы керек. Ақша бөлінген соң технологиясын ойластырасың. Негізі Қазақстанда «анау жоқ, мынау жоқ, шетелден қалып қойдық» деп айтып жатады. Идея көп, бірақ көбі материалдық жағдайға тіреледі. Соны түсіну керек.

Сахна біреу, түн ортасына дейін жұмыс істейміз

— Біздің театрда үш труппа бар. Орыс, қазақ труппасы және «Екі езу» сатиралық театры. Үшеуінің репертуары үш түрлі. Кейде біздер сахнаға сыймай жатамыз. Сағатпен санаспай түнде де жұмыс істейміз. Себебі, сахна босамайды. Қиындықтар бар. Репертуарымызда қойылым аз. Бұл мәселенің шешімі болашақтың еншісіндегі іс деп ойлаймын. Әр театрдың өз тарихы бар. Шарықтау шегі, құлдырауы. Ол да бір тірі организм. Ауырып қалады, емделеді, жағдайы жөнге келеді. Егер болашақта театр бөлек салынса, бүкіл олқылықтың орны толады деп есептеймін. Бұған ешкімді кінәлауға болмайды. Театрда актер, режиссер бар. Тек бір ғимаратта үш труппа отыр. Бір апта орыс труппасы, бір апта қазақ труппасы, бір апта сатира театры қойылымдарын сахналайды. Кейін театрды жалға алатындар мен концерт қоятындар келеді. Сөйтіп айына 7-10 спектакль сахналанады. Өзге өңірде бұдан екі есе көп.

Көрерменді кәсіби өнерге баулуымыз керек

Ақтөбе халқы әуесқой өнерге жақын. Мәселен, тойда айталатын әндерді тыңдайды. Бір сөзбен айтқанда эстрадаға жақын, концерттік бағдарламаны жақсы көреді. Көрермен кәсіпқой өнерге көп келе бермейді. Мәселен, Димаш – кәсіби әнші. Қытайға барып, осы деңгейге көтерілгенге дейін оны Ақтөбеде жіті танымады. Тіпті, Қазақстанда да көп білмеді. Ол өзінің кәсіби әнші екенін дәлелдеді, әлем танып, кейін ел таныды. Сол себепті біз көрерменімізді кәсіби өнерге үйретуіміз керек. Әуесқойлық бірқалыпты жүре береді. Ол жерде өзгеріс болмайды.

Сынды сыншы айтса қабылдаймын

Ақтөбеде сыншы жоқ. Сыншы дегеніміз – театр саласын зерттеген, театр саласында білім алған, қолында сыншының мөрі бар адам. Ол өзі жазған пікірге қолтаңбасын қойып, мөрін басуы тиіс. Сынды қабылдау керек. Сыншылық қажет. Не үшін? Салыстырмалы түрде деңгейіңді білесің, бағытыңды айқындайсын. Мәселен, қарапайым ғана шар. Біріншісінің бағасы 5 теңге, екіншісінің құны 10 теңге. Екі шар екі түрлі үріледі. Мен өзімді шар секілді елестетемін. Қай жерге дейін үріле аламын, қай жерге дейін деңгейім жетеді? Міне осыны сыншы арқылы біле аласың. Сынды қабылдау, одан нәтиже шығару бар.

Театр тәрбие орны емес

— Бізде «Театр — тәрбие орны» деген қасаң пікір бар. Көрерменді тәрбиелеп, үйретуіміз керек дейді. Жоқ. Театр тәрбие орны емес, тәрбие орны болған жоқ. Оны Еуропаның, Ресейдің мамандары жиі айтып жүр. Ал бізде «театр тәрбиелейді» деп қабылдайды. Театр тәрбиелейтін орын емес. Театр тәрбиелесе қазір бәрі керемет, бәрі тәрбиелі болар еді. Театр – ұлғайтқыш әйнек. Яғни, сіз ішкі проблеманы, қоғамда болып жатқан мәселені ұлғайтып көре аласыз. Мәселен, қарапайым жұмыстағы ұрыс-керіс, аяқтан шалу. Бұл қазақ қоғамында өте көп кездеседі. Өмірде сіз оны көріп жүресіз, бірақ мән бермейсіз. Театрға келгенде сол туралы спектакль қойылатын болса, сіз оны ұлғатқыш әйнек арқылы көресіз де, өзіңіз ойша саралайсыз. «Менде осы жағдай болды, кездеседі» деп айтасыз, бірақ өзіңізді тәрбиелемейсіз. «Мен сөйтейінші» деп театрдан шыққан адамды көрген емеспін. Яғни, үстіңізде жара болса, сол жараның орын басамыз, бірақ емдемейміз, еске саламыз. Емделу, түзу жолға түсу адамның өз қолындағы іс. Емделесіз бе, әлде солай жүресіз бе? Мен де, сіз де емдей алмаймыз. Ол сіздің қолыңыздан келмейді, сіздің құзырыңыздағы нәрсе емес. Балабақшада, отбасыда атаана, мектеп тәрбиелейді. Театр ешқашан тәрбиелеген емес. Бір-екі сағаттың ішінде тәрбиелеу мүмкін де емес. Бүгін көргенін адамдар ертең ұмытып кетеді. Мен тәрбиелейтін спектакльдерге қарсымын, қоя алмаймын, қолымнан келмейді.

Діни қойылымнан соң адамда агрессия күшейді

Театрда мемлекеттік тапсырыспен қойылым сахналанады. Мәселен, «Есігімді қаққан кім?» деген пьеса. Ақтөбедегі террорлық оқиғадан соң тапсырма келді. Көп тайталас болады. Негізі дін, діни мәселе өте нәзік. Ақ матаға кішкентай сия тамып келсе ол ұлғаяды, сия кетпейді. Сол секілді дін тақырыбында спектакль қойылып, адамдар арасында агрессияны күшейтіп алдық деп ойлаймын. Біз дінді жауыздықпен, қанмен, анайы көрініспен көрсеттік. Оны адамдар өмірде де көріп, біліп жүр еді. Егер діннің бейбітшілікті, татулық пен бірлікті, ынтымақты құптайтынын, адамдарды мейірімділікке жетелейтінін жеткізсек, бәлкім көрермен рухани байлыққа кенелер ме еді?!

Тұлғаларға қойылым арнау сәнге айналды

— Режиссер рөлді сомдайтын актерді таба алмады. Бұл туралы естідім, бірақ мен ондай қиындықпен кезікпедім. Пьесаны актерге икемдеймін. Соңғы жылдары тұлғалардың спектаклін қою сәнге айналды. Бұрын Ленин, Сталинді сомдау көп кездескен екен. Қазір де мұндай үрдіс бар. Егер театрда сол адамды сомдайтын актер болмаса, әрине қиын. Таяуда Көкжар жәрмеңкесі болады. Театр Мұхиттің шығармашылығына арналған қойылымды сахналайды. Мұхиттің әні тыңдайтын, айта алатын актер бізде бар. Ол актер болмағанда маған қиын болады. Алдымен актерді ойлау керек. Театрдың жағдайына сәйкес спектакль алған жөн. Алдымен актер, кейін қойылым.

Өнер адамдарының ресми табысы аз

Өнер адамдарының табысы өте аз. Тек ақтөбеліктердің емес, еліміз бойынша солай. Әртістер әртүрлі жолды таңдайды. Біреуі тойға шығады, біреуі екінші жұмысқа орналасады. Өнер адамы ақшаны есептеуге шорқақ. Ақшаны есептейтін болса, бизнес болады. Ал, бизнес пен өнер бір-біріне қарама-қайшы келеді. Бірінші ақша емес, өнер тұруы керек.

Жас режиссерлар фестиваліне дайындық жүріп жатыр

— 2015 жылы 6 ай бойы Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы академиялық драма театрында жұмыс істедім. Кейін Ақтөбеге келдім. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер драма театрында көлеңкелі қойылым қойдым. Қазір «Алақай» қуыршақ театрында жұмыс істеймін. Жақында Шымкентке барып, «Ортеке» халықаралық фестивалінен бас жүлдемен оралдық. 1-8 қыркүйек аралығына Астанада жас режиссерлар фестивалі болады. Қайрат Сүгірбеков атындағы фестивальге 20-40 жас аралығындағы режиссерлар қатысады. Фестивальге «Алақай» қуыршақ театрымен барамын.

Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» пьесасын сахналағым келеді

Алдағы уақытта «Алақай» қуыршақ театрында Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» қойылымын сахналағымыз келеді. Бір жылдан астам уақыт жоспар құрылды, талқыланды, зерттелді, дайындық жүрді. Жаңа маусымда әлемдік туындыны сахналауды қолға аламыз. Ешкімге айтпаған өз жоспарым бар. Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» пьесасын сахналағым келеді. «Көшкін» қойылымын жоспарлап жүргеніме екі жыл болды. Сонымен қатар, «Мауглиді» сахналағым келеді. Бәрі материалдық жағдайға келіп тіреледі. Қазір жаңа маусымға дайындық жүріп жатыр. Т.Ахтанов атындағы драма театры жаңа маусымды «Айман-Шолпан» пьесасымен ашады.

Әңгімелескен Алтынай Сағындықова, Aktobenews.kz

One thought on “Мейрам Хабиболла: Шекспирдің «Ромео-Джульеттасы» мен Киплингтің «Мауглиін» сахналағым келеді

  • 24.08.2017 at 16:24
    Permalink

    Алтынай Сағындықова, Қадырдың фамилиясын жазуыңыз керек еді, ұмытпай.

    Reply

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: