Қырғызстан құрамасы көкпардан әлем чемпионатына қайта жіберілді

Астанада өтіп жатқан дәстүрлі көкпар ойынынан әлем чемпионатында Қырғызстан құрамасы әуелде ойыннан шеттетіліп, кейін Қырғызстан жағының қарсылығынан соң қайта жіберілді. Жарысты ұйымдастыру комитеті 21 тамызда басында Қырғызстан құрамасы аттарының артқы тұяқтары тағаланған деп, ойынға қатыстырмай қойған. Бұл туралы «Азаттық» хабарлайды.

Жеребе бойынша Қырғызстан құрамасы алғашқы ойынды Моңғолиямен өткізуі тиіс болған. Бірақ Қырғызстан құрамасы аттарының тағасын шешуден бас тартқандықтан бұл ойынға жіберілмей, жеңіс Моңғолия құрамасына берілген.

Қырғызстан құрамасы көкпар ойынында тұяғы тағаланған атпен көкпар ойынына қатысуға болмайтыны туралы ережені бұрын-соңы естімегенін айтып, бұған наразылық ретінде жарысқа мүлдем қатыспайтынын мәлімдеген соң судья олардың жарысқа аттарының тағасын алмастан қатысуына рұқсат берді. Алғашқы ойында Қырғызстан құрамасы Моңғолияны 4-0 есебімен ұтты.

Көкпардан әлем чемпионатына 12 мемлекет — АҚШ, Ауғанстан, Әзербайжан, Венгрия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстан көкпар құрамалары қатысып жатыр.

Чемпионатта көкпаршылар дәстүрлі ойында тартатын басы кесілген серкенің орнына үлкен резеңке шар тартып ойнап жатыр. Жарыс 28 тамызға дейін созылады.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: