Түркістаннан Оралға жеткізілуі тиіс 3 тонна алманы ақтөбелік жүргізуші жолда сатып жіберген

rabochy-put.ru

Тәртіп сақшылары 3 тонна алманы тиесілі жерге жеткізбеген алаяқты ұстады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

16 маусымда 20 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны «ОLХ» желісі арқылы ел аумағында тауарларды тасымалдау бойынша қызмет ұсынып, хабарландыру орналастырады.

Оған Түркістан қаласынан Оралға дейін 3 тонна алма жеткізу жөнінде тапсырыс беріледі. Тиісті құжаттарын көрсетіп, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауылының 36 жастағы тұрғынынан тапсырыс алып, алманы тиеп, Оралға қаласына дейін жеткізбек болады.

«Алайда, ол алған тауарды өз қалауы бойынша Ақтөбе қаласында сатып жібереді. Жалпы келтірілген шығын сомасы шамамен 765 мың теңге», — деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметкері Нұргүл Қонақбаева.

Ақтөбе қаласы Елек полиция бөлімінің қызметкерлері 20 жастағы еш жерде жұмыс істемейтін қала тұрғынын анықтап, қолға түсірді. Ол кінәсін толық мойындады.

Қазір ҚР ҚК-нің «алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды.

Пікір қалдырыңыз